СҚО-да былтыр 7 мыңға жуық нәресте дүниеге келді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 6 886 сәби өмір есігін ашты, алайда 7 577 адам қайтыс болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО статистика департаментінің мәліметінше, былтыр өңірде 6 886 сәби дүниеге келсе, соның 41,5 %-ы Петропавлда туған. Нәрестелердің 3 604-і ұл, 3 282-сі қыз. Демографиялық көрсеткіш бойынша Шал ақын, Ш.Уәлиханов және Ақжар аудандары алда келеді. Ең төмен бала туу көрсеткіші М.Жұмабаев ауданында.

2020 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында 7 577 адам қайтыс болды. Оның 19,8 %-ында тыныс алу мүшелері ауруынан, 14,6 %-ында қан айналымы жүйесі, 8,9 % асқорыту мүшелері ауруларынан және 7,6 %-ында қатерлі ісіктен көз жұмған. Жазатайым оқиғалардан, жарақаттану мен уланудан қайтқандардың үлесі – 7,5 %.

Жалпы былтыр 2 932 неке қиылған, бұл – 2019 жылмен салыстырғанда шамамен 15 %-ға төмен. 860 отбасы ажырасқан.

Өткен жылы СҚО-ға 6 061 адам көшіп келді. Бұл, мамандардың айтуынша, 2019 жылмен салыстырғанда 23,4 %-ға төмен. Көшіп кеткендер саны да 24,7 %-ға төмен болғанымен, өңірден 10 446 адам қоныс аударған. Соның ішінде ел ішіндегі миграция 2 627 адам. Ал сыртқа, көп жағдайда ТМД елдеріне көшеді екен. Соның ішінде негізінен Ресейге кетіп, осы көрші елден қоныс аударады.

Әлемнің басқа елдеріне облыстың 237 тұрғыны көшіп кеткен. Тұрақты тұру үшін 80 адам келген. Эмиграция елдері негізінен – Польша мен Германия. Көшіп кеткендердің 95,8 %-ы осы мемлекеттерге тиесілі. Ал келгендердің 67,5 %-ы Қытай мен Моңғолиядан қоныс аударған.

Басқа өңірлерден 5467 адам келіп, 8094 адам кеткен. Келіп-кетушілердің негізгі үлесін Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы алады.

Осылайша, СҚО тұрғындарының саны бүгінде 543,7 мың адам.


Соңғы жаңалықтар