СҚО-да былтыр 62 нәресте шетінеді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 5848 шақалақ дүниеге келсе, 62 сәби бір жасқа келмей шетінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісовтің айтуынша, нәрестелердің 31-і немесе 47% перинаталдық кезеңде пайда болатын аурулардан, 14 бала немесе 21% - туабітті ауытқушылықтан қайтыс болған.
6 бала кенеттен өлу синдромынан, 2 бала бактериалды дерттен, 3 бала жүйке жүйесі ауруларынан көз жұмды.
11 сәби үйде, 2 бала ауруханада қаза болды.
Былтыр ана өлімі тіркелген жоқ. 2021 жылы жаңа туған 32-39 жас аралығындағы үш келіншек қайтыс болды. Оның екеуі КВИ-ден, ауыр дәрежелі пневмониядан дүние салды.
«Бұл саладағы ең басты мәселе – кадр жетіспеушілігі. Акушер-гинекологтар, педиатрлар аз. Сондай-ақ педиатриялық учаскелерде патронаждық медбикелер жетіспейді. Салдарынан балалардағы қауіпті ерте анықтауға, патронажды сауатты жүргізуге әсер етеді.
СҚО-да балалардың дәрігер офтальмологы жоқ. Былтыр облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 20 маман қабылданды. Олар: онкогематолог, балалар гинекологы, 2 невролог, 3 пульмонолог, балалар хирургі, 2 травматолог, 3 инфекционист, 2 анестезиолог-реаниматолог», - дейді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар