СҚО-да былтыр 49 ауылға таза су жетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында елді мекендердің 83,5 %-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Былтыр 49 елді мекенге таза су беру үшін 10,3 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша 250 мың тұрғыны бар 406 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Осылайша елді мекендердің 83,5 %-ы таза су ішіп отыр. Ал 49,5 мың тұрғыны бар 229 ауыл ауыз судың зардабын тартып отыр.

Өткен жылы өңірдің су мәселесін шешуге 10,3 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде 174 км желі қалпына келтірілді, 48 мың тұрғыны бар 49 елді мекенде су берілді және сумен жабдықтау жақсарды. Шамамен 3 мыңғы жуық үйге су үйге кіргізілді.

Сондай-ақ топтық су құбырлары жаңғыртылды. Нәтижесінде 11 мың тұрғыны бар 26 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды.

Биыл осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға 12,3 млрд теңге бөлінген. Жоспар бойынша 135 км желі жаңғыртылады. Бұл жұмыстардың игілігін 33,5 мың тұрғыны бар 23 елді мекен көрмек. Жалпы биыл жүзеге асатын 17 жобаның 9-ы өткен жылы басталған. Қалған 8 жобаның төртеуі бойынша мердігерлерді анықтау мақсатында конкурс жарияланды, жобаның жалпы құны 2 млрд теңге.

Ал құны 2,2 млрд теңге болатын қалған 4 жоба бойынша конкурстық рәсімдер 1 ақпанға дейін жарияланбақ. Жұмыстар Тайынша, Шал ақын аудандарында жүргізіледі.

Сондай-ақ, республикалық бюджетті кезекті нақтылау кезінде жалпы сомасы 900 млн теңгеге ақпан айында 2 жоба ұсынылмақ. Бұдан басқа топтық су құбырларын жаңғырту жұмыстары жалғасады. Нәтижесінде 25 мың тұрғыны бар 32 ауылда су жүйесі жақсарады. Осылайша биыл орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті 84 %-ға жеткізу міндеті тұр.

Тайынша, Шал ақын және Айыртау аудандарында ауылдарды сумен қамту көрсеткіштері төмен. Сумен жабдықтау нысандарын салуға және қалпына келтіруге жобалау-сметалық құжаттарды дайындау жөніндегі жұмыстар дұрыс қолға алынбаған.


Соңғы жаңалықтар