СҚО-да былтыр 2 ауылдық округ, 3 ауыл, 200-ден астам көшенің атауы ауысты
2022 жылғы 28 қаңтар 20:45

СҚО-да былтыр 2 ауылдық округ, 3 ауыл, 200-ден астам көшенің атауы ауысты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл мәдениет саласындағы кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында шығармашылық мамандықтар бойынша оқытуға 75 грант бөлінбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алқа отырысында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, биылғы міндеттер айқындалды. Мәселен мәдениет нысандарын жөндеуге былтыр 1 млрд 619 млн теңге бөлінген, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 35 %-ға артық. Тілдерді оқыту орталығында 140 топ құрылып, 2500 -ден астам адам тілдерді меңгерді. Соның 64-і - қазақ тілі топтары.

Ауыз толтырып айтарлық жұмыстардың бірі - 2 ауылдық округ , 3 ауыл, 200-ден астам көшенің атауы ауысты .

« Мәдениет саласында біліктілігі жоғары кадрларға қажеттілік бар. Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімі Қ. Ақсақалов шығармашылық мамандықтар бойынша оқытуға 75 грант бөлу туралы ұсынысты қолдады.

Бұдан басқа 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің тегін үйірмелерге қатысуын қамтамасыз ету мемлекеттік шығармашылық тапсырысты енгізу механизмі арқылы іске асырылады. Нәтижесінде биыл 1500 бала тегін шығармашылық үйірмелерге қатысады деп жоспарланып отыр», - дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдіриісов.

Биыл елімізге танымал бірқатар тұлғаның мерейтойлары аталып өтеді, олар: қазақ әліпбиінің атасы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы, көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдығы, Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығы, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығы.


Jańalyqtar

MURAǴAT