СҚО-да былтыр 13 адамның ажалы судан болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында биыл екі адам суға кетті. Қайғылы оқиғаға қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде өңірде шомылуға арналған 58 орын бар. Олардың 12-сі көлде, қалғандары Есіл өзенінде орналасқан. Алайда кей тұрғындар ескертуге мән бермей, қауіпті жерлерде шомылуды әдетке айналдырған.

«Былтыр 13 адам, оның ішінде 2 бала суға кетті. Биыл екі адам қаза тапты. Себебі - қауіпті жерлерде немесе мас күйінде шомылған. Балаларды су жағасында қараусыз қалдыру және балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау да қайғылы аяқталады. Соңғы бес жылда 100-ден астам адамды құтқардық, соншасы суға кетті. Адамдардың өліміне жол бермеу үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек», - деп атап өтті СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының басшысы Алтай Тезекпаев.

СҚО-да әзірше суға шомылу маусымы ашылған жоқ. Соған қарамастан құтқарушылар күнделікті рейдтер өткізуде.

«Ересектер мен балалар суға шомылатын жерлерде, жағажайларда, демалу орындарында «шомылуға тыйым салынады» жазуымен 57 белгі, 29 көрнекі стенд орнатылды. Балалар жазғы демалысқа кетпес бұрын мектептерде ата-аналардың қатысуымен жиналыстар өткіздік», - дейді азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері Кирилл Иванников.

Сондай-ақ қазіргі уақытта халықты жедел хабардар ету мақсатында «Darmen» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Құтқарушылардың айтуынша, қосымша смартфонға тез және тегін орнатылады. «Darmen» арқылы Қазақстанның кез келген өңірінде пайдаланушы жолдардың жабылуы жайлы, мектептерде сабақ болмайтындығы, ауа райы туралы және тағы басқа ақпаратты бірден ала алады.

Соңғы жаңалықтар