СҚО-да былтыр 1 мыңнан астам жүргізуші мас күйде ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр мас жүргізушілердің кінәсінен 6 адам мерт болып, 40 адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 қаңтар күні полицейлер Петропавлдағы Жуков көшесінде «Lada Priora» автокөлігін тоқтатқан. Рульде 21 жастағы жігіт болған. Медициналық куәландыру оның мас күйде көлікті басқарғанын растады. Соттың үкімімен жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды және 7 жылға дейін көлікті басқару құқығынан айырылды.

Ал 18 қаңтарда Петропавлдың патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ғ. Мүсірепов көшесінде «Honda Element» автокөлігін тоқтатқан. Көлікті 38 жастағы қала тұрғыны тізгіндеген. Медициналық куәландыру ер адамның мас екенін көрсетті. Тексеру барысында полицейлер автокөліктің Нұр-Сұлтан қаласынан айдап әкетілгенін, оның іздеуде екенін анықтады. Жүргізуші 15 тәулікке қамаққа алынды. Көлік айып тұрағына қойылды. Петропавлдық полицейлер жиналған материалдарды астаналық әріптестеріне тапсырады.

Айта кетейік, былтыр СҚО-да 238 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 315 адам жарақат алған, 37 адам қаза болған. Жол-көлік оқиғасында көз жұмған әр алтыншы адамның өліміне мас жүргізушілер кінәлі. Былтыр осылайша 6 адам мерт болып, 40 адам жарақат алды.

«Былтыр облыс аумағында 1049 мас жүргізуші ұсталды. Олар спирттік ішімдік ішіп рөлге отырып, өзінің ғана емес, басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіреді», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.


Соңғы жаңалықтар