СҚО-да бұзаулардың иммунитетін күшейту үшін суспензия өндірілуде

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Шал ақын ауданының Ақанбарақ ауылында ауылшаруашылық жануарлары мен құстары үшін инновациялық жемдік қоспаларды өндіретін шағын цех ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникация қызметінен мәлім еткендей, «Әсем» шаруа қожалығы жануарлардың иммунитетін көтеретін суспензия дайындап жатыр.
Шаруа қожалығының директоры Асан Атымбаевтың айтуынша, суспензияны әзірлеу үшін су, жылу және жақсы жарық керек.

«Біз биореакторларда хлорелланы өсіреміз. Ол ақуызға, B дәрумендері мен микроэлементтерге бай», - деді А. Атымбаев. Фермердің айтуынша, ірі қара малды өсіру кезінде жаңа туған бұзаулардың ішінің өтуі қиындық тудырады. Хлорелла малдың иммунитетін күшейтіп, ауруға ем бола алады. Бұзауға күніне бір-екі литр суспензия берсе, жеткілікті. Бір литрдің өзіндік бағасы 100-150 теңге аралығында болады.



«Құрылғылар мен технологияны Қазаннан әкелдік. Цехта 4 адам жұмыс жасайды. Хлорелла өсірумен айналысатын екі маман арнайы оқудан өтіп жатыр. Жобаны «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы іске асыру үшін өткен жылы 2,5 миллион теңге көлемінде грант жеңіп алдық. Жалпы 3,5 миллион теңге қаржы жұмсалды», - деді А. Атымбаев.

«Әсем» шаруа қожалығы 300 бас жылқы, 980 қой және 260 ірі қара мал өсіреді. 40-тан астам адам жұмыс жасап жатыр. Асан Атымтаев мемлекеттік бағдарлама бойынша 100 сүтті голштин-фриз тұқымды сиыр әкелуді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар