СҚО-да бүтін бір ауыл гүл өсіруді кәсіп еткен

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Имантау елді мекені тұрғындары гүл өсіру бизнесінен жақсы табыс тауып отыр. Ауылда петуния өсіретін жылыжайлардың саны 150-ден асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Атамекен» ҰКП өңірлерде бизнесті дамыту бағдарламаларын әзірлеуде өзгерістер енгізуді ұсынды. Бағдарламалар өңірлік ерекшеліктерді де, жаңа өндірістерді іске қосу мүмкіндігін де ескеруі тиіс. Оған мысал – СҚО-дағы Имантау елді мекені. Шамамен 2,5 мың халқы бар шағын ауыл салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде «гүл өсірудің астанасына» айналды. Айыртау ауданының салық аударымдарының басым бөлігі осы елді мекеннен түседі.

«Шамамен 15 жыл бұрын менің қайын атам Ыдырыс Кузахметов петуния гүлін өсіремін деп шешті. Ол осы гүлдерге деген сұраныстың көптігін көріп, алдымен бір отбасыны бизнеске тартты. Оларға жағдай жасады, жылыжай салды. Отбасы гүл отырғызды, өсірді және атам өскен гүлдерді сатып алды. Содан кейін ол тағы бір отбасын кәсіпке тартты. Солай дамыды. Енді бірден 150 отбасы жылыжай бизнесімен айналысады. Онда 500-ден астам ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Атам олардың «аяғына тұруға» мүмкіндік берді, бизнесті ауыл тұрғындарына табыстады да кетіп қалды», – дейді ауылшаруашылық туризмі қауымдастығының өкілі Илнар Галямшин.

Тұқым негізінен Голландия және Америкадан жеткізіледі. Бір келі тұқым шамамен 1,5 млн теңге тұрады. Голландиялық петуниялар Қазақстанның солтүстігінде жақсы өсетінін тәжірибе көрсетті.

Жергілікті тұрғындар бүгінде тәжірибелі гүл өсірушілерге айналды, олар жапырақтың шетіндегі өрнек арқылы гүлдің қандай түсте болатынын анықтайды. Арнайы оқытудан өтпей-ақ тәжірибе арқылы меңгеріп алды. Олар қазір гүлді суаруда заманауи технологияларды қолданып жатыр.

«Тұрғындар бірін-бірі үйретті десе болады. Олар бастапқыда жұмыла жұмыс істеді, кейін үйлерінде жылыжайларын салып, өздері өсіре бастады. Ауылдастар бір-біріне бәсеке емес, өйткені сұраныс көп. Дегенмен, біреудің гүлдері әдемі, біреудің жылыжайы жақсы деген сыңайда алға ұмтылыс байқалады», – дейді Илнар Галямшин.

Гүл бизнесі Имантауда мемлекеттен еш қолдаусыз дамыды десе болады. Заманауи технологиялық жылыжайдың орташа құны бүгінде 10 млн теңгеге дейін жетеді. Мемлекеттік қаржылай қолдау үшін өтініш білдіргендер аз. 2019 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша тұрғындардың бірі инновациялық грант алды, қаражатты дәнекерлеу жабдығына – жылыжайлар үшін пештер жасауға жұмсады.

Ильнар Галямшиннің айтуынша, қазір бүкіл ел Имантау петуниялары туралы біледі. Тіпті ең шалғай аймақтардан да осында арзан әрі сапалы гүлдер үшін келеді.

«Гүлді қайда өткіземін деп алаңдаудың қажеті жоқ. Барлығы бірінен бірі естиді. Негізінен Нұр-Сұлтан, Көкшетау және Петропавлдан келіп алады. Егер астананың маңайында, мысалы, бір ғана жылыжай болса, оған ешкім бармайды. Ал Имантауда 150 жылыжай бар, барлығы осында келеді. 2021 жылы Шымкенттен келіп, петуния гүлдерін сатып әкетті. Олар наурызда тұқым еккен, бірақ үсік жүріп, осы жақтан қайтадан сатып алуға тура келді», – дейді Ильнар Галямшин.

Гүл өсірудің өз қиындықтары бар, бірақ имантаулықтар басқа кәсіп іздеуді жоспарлаған емес. Ауылдағы жер мен жылжымайтын мүліктің құны қазір астанадағымен бірдей, өйткені мұнда жылыжайдың болуы – табысты бизнестің кепілі.

«Бір үй бір маусымда жүз мың гүл өсірсе, пайдаға кенеледі. Құны 45 теңге болса, осы көлемнен табыс 4 млн теңгеден асады. Жергілікті тұрғындар тамақ ішпей, ұйықтамай жұмыс істейтін уақыт – наурыз, сәуір, мамыр. Қалған айларда тек дайындық және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Әр жылыжайда кемінде 3-4 адам жұмыс істейді. Отбасы өз бетінше 50 мың тал өсімдік өсіре алады. Сонымен қатар, егер мұнда сатып алу бағасы 45 теңге болса, қалада мұндай петуниялардың құны бір гүлге 600 теңгеге жетеді», – дейді жергілікті тұрғындар.

Гүл өсірушілердің айтуынша, жалғыз мәселе – жұмыс қолының жетіспеушілігі. Қосымша жұмыс күшіне жергілікті гүл өсірушілер күніне бес мың теңгеден төлеуге дайын. Бұл ауылдық жер үшін өте жақсы баға.

Айыртау ауданы бюджетінің 16 %-ы қазір гүл бизнесіне тиесілі.

«Біз мұнда тіпті елордадан келген агротуристерді де алып келеміз. Біз оларға ауылда тұру және жұмыс істеу әлдеқайда тиімді екенін көрсетеміз», – дейді Ильнар Галямшин.




Соңғы жаңалықтар