СҚО-да браконьерлердің кінәсін дәлелдеу үшін ДНК-сараптамасын жасатуға тура келді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында үш сібір елігін атып алған браконьерлердің кінәсін дәлелдеу үшін полицейлерге бірқатар сараптаманы, соның ішінде ДНК-ны жасатуға тура келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері өткен жылдың желтоқсан айында қорықшылардың ақпараты бойынша Целинный ауылы маңында «ВАЗ-21212» автомобилін және оның қасынан атылған үш сібір елігін табады. Браконьерлер оқиға орнынан қашып кетеді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ауданның 35 және 41 жастағы тұрғыны анықталды.

Алайда олар өздерінің заңсыз аңшылыққа қатысын үзілді-кесілді мойындамады. Мәселен, ер адамның біреуі киімнен және көліктен табылған қан мен жүн сиырдікі деген. Аталған факті бойынша тергеу бірнеше айға созылды. Трасологиялық, баллистикалық және биологиялық, көптеген сараптамалар тағайындалды. Олардың бір бөлігі Петропавлда, енді бірі Қостанайда жасалды. Сондай-ақ, ДНК анализін істеу үшін биологиялық материалдың үлгілері Нұр-Сұлтанға жіберілді.

«Дәл осы сараптама күдіктілердің қылмысқа қатысын дәлелдеді. Құны айтарлықтай қымбат ДНК сараптамасының нәтижесі алғаш рет облыста заңсыз аңшылық фактісі бойынша дәлелдемелер базасына енгізіліп отыр. Іс бойынша тағайындалған жалпы сараптамалар құны 600 мың теңгедей болды. Бұл сомаға 2 миллион 700 мыңнан астам теңгені құрайтын келтірілген шығынды қосу қажет. Айта кететіні, күдіктілер келтірілген дәлелдерден бұлтара алмай, кінәларын мойындады және келтірілген шығынды да, процессуалдық шығындарды да өтеді», - дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлыжан Ақтанов.

Полицейдің айтуынша, бұл істі тергеуде криминалистердің рөлі зор болды. Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімінің бастығы жауап алып, беттестірулерді ұйымдастырған, тінту сияқты дәлелдемелер базасын құруда аса маңызды жұмыстарды атқарған тергеушілердің еңбегін де атап өтті.

Наурыз айында іс материалдары сотқа жолданды. Бірер күн бұрын СҚО Полиция департаменті бастығы Марат Төлебаевтың атына облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесінің аумақтық инспекциясының басшысы Ережеп Жанатаевтан аудандық полицейлердің жұмысына, әсіресе тергеу бөлімінің қызметкері Әділхан Мырзатаевқа алғыс білдіретіні туралы хат келіп түсті. «Оның мұқияттылығы мен табандылығы кінәлілерді анықтауға, тергеуге нүкте қоюға көмектесті», - деп жазды Ережеп Жанатаев.


Соңғы жаңалықтар