СҚО-да бойжеткен ата-анасын ескертпей кетіп, полицейлер оны Алматыдан тапты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 21 жастағы бойжеткен ата-анасын ескертпей кетіп қалған, полицейлер оны бір аптадан кейін Алматыдан тапты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру - криминалдық полиция жұмысының бір бағыты. Адамдар түрлі себептермен жоғалады. Тәртіп сақшылардың айтуынша, олар үйден ескертусіз кеткен кезде жақындарын ойламайды.

Ата-анасымен тұратын 21 жастағы қыз үйінен ешкімді ескертпей кетіп қалып, полицейлер мен волонтерлер оны бір апта бойы іздеді. Бойжеткеннің жоғалғаны туралы арыз келіп түскеннен кейін бағдар барлық сыртқы қызметтерге таратылған. Жедел уәкілдер жоғалған қыздың жүруі мүмкін жерлерді, таныстарын тексерді. Нәтижесінде оның Алматыға кеткені белгілі болды.

Қызметтік іссапар кезінде СҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері бойжеткеннің Алматыда жүрген жерін анықтады. Қыздың айтуынша, ол оқу мәселесін шешу үшін кеткен.

«Ата-анасына қызының аман екендігін айттық. Үйден неге ескертпей кеткенін ол айтқан жоқ. Өкінішке қарай, бұндай жағдайлар жиі кездеседі. Іздеу жұмыстарына көп адам тартылады, қаншама уақыт жұмсалады. Ескертусіз кеткен адам жақындарының ойлап, уайымдайтынына мән бермейді немесе өзінің жоспарлары туралы айтуды ұмытып кетеді. Жанжалдан кейін немесе өзін ересек адам ретінде көрсету үшін осындай қадамға баратындар бар», - дейді СҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Жалпы жыл басынан облыста 23 адамға іздеу жарияланды. Қазіргі уақытта оның 17-сінің жүрген жері анықталды.


Соңғы жаңалықтар