СҚО-да бөтеннің жылқыларын айдап кеткен ұрылар ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданынан ұрланған 5 жылқы Петропавл қаласынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жамбыл ауданы Баян ауылының бес тұрғынының қашаға қамалған 24 жылқысы таңертең орнында болмай шыққан. Олардың 15-ін ғана жақын маңнан тапқан ауылдықтар Жамбыл ауданының полиция бөлімшесіне арызданды.

Бес үйдің жылқысын күндіз жылқышы бақса, кешке қарай түлікті күзетілмейтін қашада қалдырып отырған. Сол себепті ұрыға сым оралған қақпаны ашып, жылқыларды шығарып алу еш қиындық тудырмаған. Алайда, тергеу барысында белгілі болғандай, ұры қалың тұманның салдарынан жылқының бір бөлігін жолда жоғалтып алған.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жауған жаңбыр ізді шайып, иісшіл иттер де ұрылардың соңына түсе алмады. Аудандық полиция бөлімінің төрт қызметкері, малын жоғалтқан бес жәбірленуші үш күн бойы орман-даланы кезіп, жолда адасып қалып қойған тағы төрт жылқыны тапты.

«Есіл ауданы Амангелді ауылының маңында ізден мүлде айырылдық. Бірақ, іздестіру барысында жинаған ақпарат, басқа бөлімшелердің жұмысының нәтижесі бізге күдіктіні анықтауға көмектесті. Петропавл қаласының 45 жастағы тұрғыны бұған дейін де ұрлық үшін бірнеше рет істі болған. Біз оны тұрғылықты жері бойынша таптық», - дейді Жамбыл ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Жұлдызбек Айтбаев.

Үш күн бойы күдіктіні бақылауға алған полицейлер оның қылмысқа қатысы болуы мүмкін сыбайластарын анықтап, ұрланған жылқыны тапты. Бес жылқы Жұмысшы кентінде тұратын күдіктінің туысының қорасынан табылды. Күдікті қамауға алынып, мал иелеріне қайтарылды.

Жалпы, жыл басынан облыста мал ұрлығына қатысты 64 қылмыс тіркеліп, оның 40-ы бүгінде ашылды.



Соңғы жаңалықтар