СҚО-да «Ботай» атты жаңа ойын пайда болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында «Ботай» атты жаңа ойын пайда болды. Ол - ұлттық «Сақа» ойынын негізге ала отырып жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Петропавлда жаңадан пайда болған «Ботай» ойынынан қалалық тұсаукесер жарыс өтті. Оған қалалық қазақ мектептерінің және колледждің дене шынықтыру мұғалімдері, барлығы  - 18 адам қатысты. Бұл жарыс жаңа «Ботай» ойынымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Кейін ұстаздар өз білім ордаларында ойынның ережесін, әдіс-тәсілдерін оқушыларына үйрететін болады. Осылайша ұмыт болған ұлттық сайысымыз қайта жаңғырады деген үміт бар.

«Ботай» ойынының авторы, «Қызылжар жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлік Мұхамеджановтың айтуынша, «Сақа» ойыны бүгінде ұмыт болған. Ойын ережесі еш жерде жазылмаған.  Сол себепті ұлттық спорт түрі саналатын ойынды қайта жаңғыртуды мақсат етіпті. 3 жыл тынбай ізденіп, ауыл ақсақалдарымен, көрген-білген азаматтармен кездесіп, ақылдасып, ақпарат жинап, «Сақа» ойыны негізінде «Ботай» ойынының ережелерін жасап шыққан.

«Ботай» ойыны жылқының және қара малдың топай сүйектерімен ойналады. Өзіміз бала кезімізде ауылда шаңға көміліп ойнайтынбыз. Бізден кейінгі балалардың сақаға әуестенгенін көрмеппін. Бұл - біздің ата-бабамыздан қалған мұра ғой, неге жаңғыртпасқа деген ой келді. Ал, «Ботай» атаған себебіміз - жылқының алғаш рет Солтүстік Қазақстанда қолға үйретілгендігі  Ботай қонысынан табылған жәдігерлер арқылы дәлелденді. Қазба жұмыстары кезінде жылқының топай сүйектері көптеп табылған екен. Болашақта бұл ойынды өңірдің брендіне айналдыруды мақсат еттім»,- дейді Ерлік Мұхамеджанов.

Сайысты ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ойын «Сақа» ойыны негізінде жасалғанымен, жарыс өткізуге болатындай ережесіне өзгерістер енгізілді. «Ботайды» кез-келген жерде ойнай беруге болады, жылқы мен ірі қара малдың топай сүйектері болса болғаны. 

«Ойынның ережесі бойынша әр ойыншының екі диі, бір сақасы болады. Ойын алаңында өздерінің дилерін құрып, сызықтан сақасымен атып шығаруы керек. «Асық ату» алаңы шеңберлерден тұрса, мұнда тіктөртбұрыш. Бұл жай ғана сызылған сызық емес, спорттық ережеге сәскестендіріліп келтірілген . Мұнда әр сызық бір табанды көрсетеді»,-дейді сайыстың бас төрешісі Қуат Хайруллин.

«Ботай» ойыны ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа баулиды. Баланың күш-жігерін арттырып, ептілігін және қырағылығын жетілдіреді. Ойын барысында үнемі қимыл-қозғалыста болғандықтан бойдағы қан айналымын жақсартады, денені шынықтырады екен.

Ұйымдастырушылар «Ботай» ойынын келесі жылы облыстық көлемде өткізуді жоспарлап отыр. Егер сәті түсіп жатса әрі қарай республикалық, тіпті халықаралық дәрежеге де көтеру көзделген. Мақсат - қазақтың ұлттық құндылықтарын барынша насихаттау.

null 

Соңғы жаңалықтар