СҚО-да ботаникалық бақ жаңғыртылып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы «Қызылжар оранжереясы» ботаникалық бағын күрделі жөндеуден өткізуге 100 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласының негізгі туристік нысандарының бірі, тұрғындардың сүйікті демалыс орны, ғасырдан астам тарихы бар «Қызылжар оранжереясы» жақында жаңа кейіпке енеді. Оны күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 100 млн теңге бөлінді. Құрылыс барысын Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов барып көрді.

Нысан соңғы рет шамамен он жыл бұрын жөнделген. Қазір бақта тоған, субұрқақ, вольер, қысқы бақ, кіреберіс және ротонд жөнделіп жатыр. Жаңа кіші сәулет формалары, декоративті қабырға және жасанды субұрқақ орнатылмақшы.

Бақтың негізі 1912 жылы қаланған. Ол – республикадағы ең алғаш ашылған оранжереялардың қатарында. Қысы-жазы гүлдеп тұратын бірегей бақта әр түрлі елден әкелінген экзотикалық өсімдіктерді кездестіруге болады.

Қазір мұнда қысқы бақтан бөлек оранжерея, жануарлар мен құстар орналасқан шағын зообақ және жараланған аң мен құсты ұстауға арналған виварий бар. Бақтың ауласында аққу, үйрек-қазы бар тоған орналасқан.

Ақерке Дәуренбекқызы

Соңғы жаңалықтар