СҚО-да боранға байланысты екі ауданда жолдар жабылды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында боранның күшеюіне байланысты Айыртау және Тайынша аудандарында трассалар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ауа райының бұзылып, боранның күшеюінен және Ақмола облысы аумағында жол қозғалысының шектелуіне байланысты сағат 15.10 минут кеткенде Айыртау және Тайынша ауданында жолдар жабылды.

Жол қозғалысы көліктің барлық түрлері үшін 3 республикалық жолдарда:

1) Көкшетау-Рузаевка (Акмола облысы мен Саумалкөл елді мекені аралығындағы 61-102 км)

2) Көкшетау-Омбы (Ақмола облысы мен Чкалов елді мекені аралығындағы 50-85 км)

3) Нұр-Сұлтан -Петропавл (Ақмола облысы мен Келлеровка елді мекені - 341-367 км) трассаларында шектелді.

Құтқарушылар төтенше жағдай және оқыс оқиға туындағанда 112 телефон нөміріне тәулік бойы хабарласуға болатынын еске салады.

Бұған дейін СҚО ТЖД sms-хабарлама және «Дәрмен» мобильді қосымша арқылы облыс аумағында 15-16 қаңтар күндері қатты боран тұратынын ескерткен еді.


Соңғы жаңалықтар