СҚО-да боранды күні жолда қалған 20-ға жуық адам құтқарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында боранның салдарынан қар құрсауында қалған 5 көлік шығарылып, жолда қалған жиырмаға жуық адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 қаңтар күні кешке Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское елді мекеніндегі № 16 өрт сөндіру бөлімінің байланыс пунктіне 5 жеңіл автокөліктің қар құрсауында қалғаны туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Көліктер Шұқыркөл мен Новоселовка ауылдары арасында тұрып қалған.

Жолда қалғандарды құтқаруға бірден ТРЭКОЛ арнайы көлігімен өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы шықты. Сағат 19.05-те Шұқыркөл ауылының маңында 15 жолаушы, соның ішінде қарттар, әйелдер және 2 бала болған автокөліктер табылды. Машиналардың бірі сынып қалған екен. 7 адам, оның ішінде қатты тоңған 2 бала ТРЭКОЛ автокөлігімен эвакуацияланды.

Сонымен қатар, жолда қалған адамдарға көмекке келген «Жасыл Есіл 2» ЖШС жүк тиегіші жолдарды ашып, автокөліктердің қар құрсауынан шығуына жағдай жасады. Сынған көлік жақын маңдағы елді мекенге жеткізілді.

«Жолға шыққан адамдар боранға тап болған. Қатты тоңған, біз қажетті көмек көрсеттік. Алғыстарын айтып жатыр. Көмектесу біздің міндетіміз», - дейді ТЖ бөлімінің бастығы Санат Мұқашев.


Соңғы жаңалықтар