СҚО-да боранда жолда қалған 330 адам құтқарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар мереке күндері соққан бораннда жолда қалған 330 адамды құтқарып, қарға батып қалған 130-дан астам көлікті шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Дмитрий Растихиннің айтуынша, өткен демалыс күндері өңір аумағында 5 рет дауылды ескерту жарияланды. Қолайсыз ауа райына байланысты республикалық 4, облыстық 10 жол учаскесі жабылды.

«Осы күндері қар құрсауынан 120-дан астам жеңіл көлік, 9 жүк көлігі және 2 автобус шығарылды. 330 адамды құтқарып, 26 адамды эвакуацияладық», - дейді Дмитрий Растихин.

Айыртау ауданындағы Лавровка елдімекенінің маңында Петропавл-Саумалкөл бағытында бара жатқан автобус қарға батып қалған. Жолаушыларды қауіпсіз жерге шығару үшін арнайы жабдықталған ауыр көлік жіберіліп, тұрғындар Саумалкөлдегі орта мектепте орналасқан жылыту пунктіне жеткізілді.

«Жалпы жыл басынан облыс жолдарында 26 апаттық-құтқару жұмысы жүргізілді. Боранда жоғалған адамдарды табу үшін 8 операция ұйымдастырылды. Осы аралықта омбы қар кесірінен 130-ға жуық кептеліс тіркелді. Облыста қаңтар айынан бері барлық бағыттағы жолдар 40 рет жабылды», - дейді басқарма басшысы.

СҚО-да 26 наурыз ертең де ескерту жарияланған. Мамандардың айтуынша, қатты жел соғып, екпіні секундына 20 метрге дейін жетпек.


Соңғы жаңалықтар