СҚО-да боранда адасқан жас жігіт пен 7 жасар бала аман табылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында боранда жылқы іздеуге шығып кетіп адасқан ағалы-інілі 19 жастағы жігіт пен 7 жасар бала аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қатты боранның салдарынан қар құрсауында қалған 34 көлік қауіпсіз жерге шығарылып, 94 адам құтқарылды.

Құтқарушылардан көмек сұраған хабарлама Есіл ауданы Бірлік ауылынан сағат 20.00 шамасында түскен.

19 жастағы жігіт пен 7 жасар бала ат-шанамен жоғалған жылқыны іздеуге шығып кетіп, екі сағаттай олардан хабар болмапты.

«Ағалы-інілі екі баланы іздеуге «ТРЕКОЛ» көлігімен 5 құтқарушы, 30 шақты ауыл тұрғыны, УАЗ және қарда жүргіш көлікпен 6 полиция қызметкері аттанды. Түнгі сағат 23.39-да полицейлер оларды Есіл өзенінде, Бірлік ауылынан 5 шақырымдай жерден тапты. Екеуі де аман, жағдайларын тексерту үшін аудандық ауруханаға жеткізілді», - дейді СҚО ТЖД басшысы Рамиль Камалов.

Сағат 17.15-те Тайынша ауданы Макашевка елді мекенінен хабарлама түсті. Ауылдан 1,5 шақырым жердегі Құмдыкөлге балық аулауға кеткен 1983 жылғы ер адам жолдан адасқан.

«Бізге әйелі хабарласып көмек сұрады. Келіншектің айтуынша, күйеуі қарда жүргіш көлікпен шыққан. Алайда, оның жанармайы бітуге жақын, сондай-ақ ұялы телефоны отырып қалған. 5 құтқарушы, 5 тәртіп сақшысы, қорықшы және қарда жүргіш көлік мінген тағы 4 адам іздеуге шықты. Сағат 04.43-те белгі беретін ракетаны атқаннан кейін ғана ер адам көл жағасынан табылды. Жағдайы қалыпты, медициналық көмек қажет болған жоқ», - дейді Рамиль Камалов.

Ал Мамлютка ауданында сағат 22.30 шамасында Ресей жақтан келе жатқан 70 шақты көлік қар құрсауында қалған. Оларды қар тазалайтын техника бастап, Петропавлға дейін жолды ашып отырды.

Тимирязев ауданы Ақжан ауылына 1 шақырым жетер-жетпестен республикалық маңызы бар жолда түнде екі көлік жолда қалған. Көліктегі 5 адам, соның ішінде 3 бала аман-есен аудан орталығына жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар