СҚО-да боранда 5 адам жоғалып, үшеуі аман табылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында қатты боранның салдарынан 5 адам жоғалып, олардың үшеуі аман-есен табылды. Қалған екеуімен байланыс бар, іздеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов брифинг барысында боранға байланысты өңірдегі жағдайды айтып берді.

«23 ақпан күні сағат 11.30 бастап барлық бағыттағы автомобиль жолдары жабылды. ТЖД жедел штаб құрылып, оған ТЖД мамандары, жергілікті полиция қызметі, «Қазақавтожол» және жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының өкілдері кірді. Бір тәулік ішінде 3600-дей қоңырау қабылданды», - дейді Мұрат Қанғожинов.

Облыс аумағында боранда адасқан 5 адамды іздеуге тура келген. Оның үшеуі Есіл ауданында, біреуі – Тайынша және енді бірі Аққайың аудандарында жоғалған.

«Бүгін сағат 10.00-ге дейін олардың үшеуі табылды. 2003 жылы туған жасөспірім Явленка елді мекенінде жоғалған. 23 ақпан күні ол сағат 11.00 шамасында атқа мініп, ауыл сыртына шыққан. Сағат 18.00 шамасында баланың жоғалғандығы жөнінде әкесі хабарласып, көмек сұрады. Петропавлдан «ТРЭКОЛ» арнайы көлігі жіберілді. Қарда жүргіш көліктер, инженерлік техника шығарылды. Жасөспірімді іздеуге құтқарушылар, полицейлер және жергілікті әкімдік қызметкерлері шықты. Түнгі сағат 1.29 минут кеткенде бала Явленкадан 4 шақырымдай жерден орманнан табылды. Оны полицейлер мен әкімдік қызметкерлері тауып алды», - дейді ТЖД бастығының орынбасары.

1971 жылы туған ер адам Есіл ауданының Власовка елді мекенінде жоғалды. Ол ауылдан 3 шақырым жерден аман-есен табылды.

Ал Тайынша ауданының Сүгірбай ауылынан сағат 8.00 шамасында малшы табынның соңынан шыққан. Кешке дейін байланысқа шықпаған. Кейін жұмыс берушіге хабарласып, қамыстың ішінде жүргенін айтқан. Ер адамды іздеуге құтқарушылар, полицейлер, жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмылдырылды. Бораннан түнде табылмады. Таңертең сағат 8.45-те ол өзі атымен үйіне келді.


Соңғы жаңалықтар