СҚО-да блокпосттар арқылы 451 көліктің өтуіне тыйым салынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 25 блокпост жұмыс істеп жатыр. Осы аралықта 17 мың көлік тексеріліп, 451-інің өтуіне тыйым салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО коменданты, полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев өңірдегі жағдай бойынша баспасөз мәслихатында толық ақпар берді. Айтуынша, қазіргі уақытта Петропавл қаласының айналасында 5 блокпост, облыс аудандарында 20 блокпост орнатылды. Облыс аумағына кіретін барлық көлік тексеріледі. Осы уақытқа дейін шамамен 17 мың автокөлік тексерілді, 451 автокөлікке шекарадан өтуге тыйым салынды. Олардың өңірге келуіне еш негіз болмаған.

«Төтенше жағдай кезінде аса маңызды нысандар мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілері, облыс және қала әкімдігі, банктер күшейтілген күзетке алынды. Инкассатор машиналарын полицейлер алып жүреді. Автожолдар ғана емес, теміржол қатынасы да бақыланады. Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімі теміржол және әуе көлігімен келетін адамдарды тексеріп жатыр. Жалға берілетін пәтерлер бақылауға алынды», - дейді Марат Төлебаев.

Жалпы төтенше жағдай енгізілгелі полиция органдарына барлығы 255 адам жеткізілді, оның ішінде 72 адам режимді бұзғаны үшін ұсталды.

«Бүгінгі күні төтенше жағдай режимін және коменданттық сағатты бұзғаны үшін 34 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз митингтерге қатысқаны үшін 16 адам жауапкершілікке тартылды. Облыс аумағында қазір спирттік ішімдіктерді сатуға тыйым салынған. Алайда соған қарамастан алкоголь сатудың 4 фактісі анықталды», - дейді облыстың бас коменданты.

Марат Төлебаев тұрғындарды төтенше жағдай режимі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

«Барлық енгізілген уақытша шектеулер тек халықтың қауіпсіздігі мен жағдайды тұрақтандыруға бағытталған. Тұрғындар төтенше жағдай режимі талаптарын қатаң орындау арқылы құқық қорғау органдарына үлкен қолдау білдіре алады», - дейді Марат Төлебаев.


Соңғы жаңалықтар