СҚО-да блокпосттағы полицейлерге қорғаныш костюмдері берілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында блокпосттарда кезекшілікте тұрған тәртіп сақшылары көп рет қолдануға болатын обаға қарсы қорғаныш костюмдерімен қамтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа костюмдерді алғашқылардың бірі болып Петропавлдағы 5 блокпостта тұрған полицейлер алды. Оларға бүгінде үлкен жүк артылған. Тәртіп сақшылары медициналық қызметкерлер, ветеринарлармен бірге денсаулықтарын қатерге тігіп, күніне жүздеген адаммен байланысқа түседі.

«Батыс» блокпостында полицейлер Қызылжар, Мамлют, Жамбыл аудандары маңындағы елді мекен тұрғындарының автокөліктерін тексереді. Блокпосттың жетекшісі СҚО ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының бөлім бастығы Евгений Богачевтің сөзінше, кезекші ауысым керек-жарақтың барлығымен: байланыссыз термометрлермен, дезинфекция құралдарымен, жеке қорғаныш құралдарымен, қолғаптармен, маскалармен, костюмдермен қамтылған.

«Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасымен бірыңғай үлгіде көп рет қолданылатын обаға қарсы қорғаныш костюмдерінің дизайны әзірленді. СҚО-да оларды тігумен Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті айналысады. Бүгінгі күні солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларының 68-іне қорғаныс костюмдері берілді. Бір-екі күнде тағы 250 жиынтық тігіліп, дайын болады», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Өткен аптадан бастап қауіпті инфекцияның бар-жоғын анықтау үшін полицейлер медициналық тексерістен өткізіле бастады. Бүгінге дейін облыстың бекеттеріне жұмылдырылған 280 полицей тексерілді. Барлығының нәтижесі - теріс. Жуырда медицина қызметкерлері солтүстікқазақстандық полицияның жеке құрамын түгел тексермек.


Соңғы жаңалықтар