СҚО-да бизнес субъектілері карантин талаптарын қатаң сақтауға міндеттелді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 17 тамыздан бастап көптеген сауда, қызмет көрсету орындары, қосымша білім беру мекемелері мен спорт нысандары жұмысын бастайды. Алайда олар санитарлық-эпидемиологиялық талапты қатаң сақтауға міндетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО мемлекеттік бас санитариялық дәрігері Серікбай Қасмақасов брифинг өткізіп, карантин шараларындағы өзгеріс туралы айтып берді.

Карантин талаптарының қатаңдатылуы өз нәтижесін беріп, соңғы үш аптадан бері қауіпті инфекцияны жұқтырғандар саны тұрақты түрде азайып келеді. Осы уақытқа дейін өңірде коронавирусты жұқтырғандар саны 3 699-ға жетті. Оның 2299-ы, яғни 62% ауру белгісі болған. 2 549 адам тәуір болды. 17 науқас көз жұмды.

«Күнделікті тіркелетін жұқтырғандар саны 3,5 есе - 99-дан 28-ге дейін төмендеді. 17 тамыздан бастап карантиндік шектеулер жеңілдетіледі. Аумағы 500 шаршы метрден аспайтын сауда орындары ашылады. Бірақ оларда халық саны 30% аспауы керек. Дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 9.00 мен 22.00 аралығында жұмыс істейді. Шаштараз, сән салоны алдын ала жазылу бойынша ғана қабылдайды. Қоғамдық тамақтану орындары да 30 адамнан асырмай кешкі сағат 22.00-ге дейін жұмыс істейді», - дейді Серікбай Қасмақасов.

Қосымша білім беру орталықтары, балалардың түзету кабинеттері 5 адамдық топпен ғана жұмысын бастайды. Балабақшаларда 15 бүлдіршіннен аспайтын кезекші топтар ашылады. Барлық базарлар, сырттағы аттракциондар іске қосылады. Фитнес, тренажер залдары ашылғанымен, бассейндер жұмыс істемейді. Қоғамдық моншалар, монша кешендері жартылай ғана толып, түнгі сағат 00.00-ге дейін ашық болады.

Ұлттық құрама, клуб командаларына спорт нысандарында бір топта 30 адамнан асырмай оқу-жаттығуды жүргізуге рұқсат берілді. Ал жеке және топтық жаттығу 5 адаммен тек таза ауада ғана жүргізіледі.

«Шектеу шаралары жеңілдетілгенімен сақтануды ұмытпаймыз. Қоғамдық орындарда, көшеде маска тағуға, ара қашықтықты сақтауға міндеттіміз. Ал жұмысын жандандырғалы отырған нысандар санитарлық-дезинфекциялық шараларды қолға алуға міндетті. Мониторинг топтары мұны қадағалайтын болады. Сенбі-жексенбі күндері карантин шектеуі бұрынғысынша қатаңдатылып, азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқасының барлығының жұмысы тоқтатылады. Бизнес субъектілері және біздің әрқайсымыз карантин талаптарын орындамайтын болсақ, вирус қайта өршуі мүмкін. Мұндай жағдайда шектеу шараларын қайта қатаңдатуға мәжбүр боламыз», - дейді облыстың бас санитариялық дәрігері.


Соңғы жаңалықтар