СҚО-да «Біздің ауыл» өңірлік жобасы қолға алынды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Біздің ауыл» атты жоба жүзеге аса бастады. Іс-шара аясында елді мекеннің тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай ауылды абаттандыруға атсалысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Акцияға алғашқылардың бірі болып Қызылжар ауданы Вагулино ауылдық округі қатысып жатыр.

СҚО Қызылжар ауданы Вагулино ауылының тұрғындары бүгін қолдарына күрек-сыпырғышын, бояу-щеткасын алып көшеге шықты. Осылайша волонтерлер бастаған жұрт үйлердің сыртын сырлап, үй маңындағы аумақты ретке келтірді. Бояу, трафарет және қажетті құрал-жабдықтарды жергілікті шаруашылық сатып алып берді.

Жасы 80-нен асқан Валентина Яковлева да үйінде қол қусырып отыра алмаған. Ауылының гүлденуіне үлес қосу үшін құралдарын ұстап, далаға шықты. Ол үйінің қоршауын ескі сырдан тазартып, жасыл түске сырламақ. Талай жыл ұстаздық еткен зейнеткер бүгінде жергілікті Ардагерлер кеңесін басқарады. Жасына қарамастан белсенді, ауылдың қоғамдық өмірінің бел ортасында жүреді. Бұл жолы да игі істерді, әркім өзінен бастауы керек деп, басқаларға үлгі көрсетті.

«Бұл елді мекенде тұрып жатқаныма 60 жылдан асты. Ауылда туған, осында тұратын адам өз үйінің табалдырығынан бастап осы ауылды жақсы көруі керек. Мұнда керемет адамдар тұрады, олар жақсы бастаманы қашан да қолдайды. Бұл жолы да іліп әкеттік. Бізде волонтерлер қозғалысы жұмыс істейді, әр бейсенбі сайын белсенділер ауылды тазалауға шығады», - дейді Валентина Яковлева.

«Біздің ауыл» жобасы елді мекенде тұрақты түрде өткізілмек. Акция облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен және «AMANAT» партиясының қолдауымен өтіп жатыр.

«AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Біздің ауыл» жобасы аясында ескерткіштерді, обелисктерді және киелі орындарды, әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысандарды жөндеу және абаттандыру, ауылдарды санитарлық тазарту, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және басқа да іс-шаралар жоспарланған. Бұл жұмыстардың барлығы жергілікті шаруашылықтардың және тұрғындардың күшімен жүргізілмек.


Соңғы жаңалықтар