СҚО-да биыл жаңадан 12 мың жұмыс орны ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылған іс-шаралар қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайлауалды уәделерді іске асыру барысы туралы «Nur Otan» партиясы өңірлік филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшелері айтты. Құжатқа сәйкес, биыл жоспар бойынша 13,6 мың жұмыс орны құрылуы тиіс еді, оның 12 мыңы ашылды. Сонымен қатар, орташа айлық еңбекақы 178 мың теңгені құрады.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына 7 бағыт бойынша 129 іс-шара кірген. Биыл оның 117-сін іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде өңірде ламинатталған фанер өндіретін комбинат, жұмсақ контейнерлер шығаратын фабрика және изотермиялық термос вагондар зауыты іске қосылды. Қазір «Радуга» компаниясы қағаз шығаратын фабриканы, «Кирпич СК» ЖШС-і кірпіш зауытын салып жатыр.

«Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында 3 ірі жоба іске асырылады. Мемлекет басшысының қатысуымен электрлі техникалық зауыттың трансформаторлық жабдығын техникалық іске қосу жүргізілді. Бұдан басқа бәсекеге қабілетті өнім түрлерін шығару үшін «Тайынша Май» ЖШС, «Радуга» ЖШС және «Максимальный размах CORPORATION» ЖШС жаңғыртылып жатыр. Тартылған инвестиция шамамен 3 млрд теңгені құрайды, 200-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады», - дейді СҚО экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов.

Облыстың өнеркәсіп секторы биыл 221 млрд теңгенің өнімін шығарды. Аграрлық секторда да өсім байқалады, онда ет және сүт өндірісі тиісінше 2,4 %-ға және 6,1 %-ға ұлғайды.

«Жол картасы аясында осы жылы 10 сүт фермасы іске қосылады, 13 мың басқа арналған екі бордақылау алаңы, жылына 6 мың тонна бройлер етін өндіретін 2 құс фабрикасы салынып жатыр», - дейді Қуанышбек Қалижанов.

Тұрғын үй құрылысының көлемі артқан. Бұл бағытқа 27 млрд теңге бөлінді, бұл 3,5 мың пәтер салуға мүмкіндік берді. Бүгінге дейін 775 пәтер пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 30 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа енеді.

Биыл медициналық жабдықтарды жаңартуға 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Ауруханалар заманауи МРТ аппараттарымен, компьютерлік томографпен, сандық маммографтармен, сараптамалық кластағы УДЗ, рентген және ангиографтармен толықты.

«2021 жылы жергілікті бюджет есебінен облыстың 5 медициналық ұйымында жалпы сомасы 143 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізіле бастады. Ооблыста 2 заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды, тағы бесеуінің құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 2 хоккей кешені ашылады», - дейді экономика басқармасының басшысы.

Бұдан басқа 4,1 мың жас жұмысқа орналастырылды, өз ісін ашуға 411 шағын несие берілді.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, СҚО әкімі Құмар Ақсақалов сайлауалды бағдарламаның орындалуына қатаң мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, Жол картасын жүзеге асыру жұмыстарына барлық атқарушы органдар қосылуы керек.

«Жол картасын орындау бойынша жұмысты жүйелі мониторингілеу үшін жауапты мемлекеттік органды айқындау қажет, ол жол картасының бағыттары бойынша барлық қажетті ақпаратты жинақтап, оны маған және партияның облыстық филиалына тұрақты негізде ұсынатын болады. Мен бұл жұмысты экономика басқармасына тапсырамын», - деп атап өтті Құмар Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар