СҚО-да биыл ВИЧ-пен күреске 290 миллион теңге жұмсалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл ВИЧ инфекциясымен күресуге 290 млн теңге жұмсалса, оның 185 млн теңгесі антиретровирусқа қарсы препараттарды сатып алуға бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО филиалы таратқан мәлімет бойынша, антиретровирусқа қарсы препарат вирустың көбеюін тежеп, иммундық жүйенің бұзылуын тоқтатады, өмір сүру ұзақтығын ұлғайтып, сырқаттың жалпы денсаулық жағдайын жақсартады.

2020 жылдан бастап қазақстандықтар медициналық қызметті екі пакет бойынша алады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі халық үшін ең төменгі әлеуметтік стандарт, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру - әр сақтандырылған қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған медициналық көмектің қалған тізбесін қамтиды.

ВИЧ – әлеуметтік маңызы жоғары аурулардың тізіміне кіреді, осы санаттағы науқастар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде емделеді. Екі жылдан бері бұл дертпен күреске қажетті қаражат медициналық сақтандыру қоры есебінен бөлініп келеді.

Адамның иммунитет тапшылығының вирусын жұқтырғандарды диагностикалау, алдын алу және емдеу үшін биыл облыста 290 млн теңге бөлінді. Бұл қаражаттың 64% - 185 млн теңге антиретровирустық препараттарды сатып алуға жұмсалды.

Биылғы он айда өңірде ВИЧ-инфекцияны жұқтырған 165 адам тіркелді. Олардың 124-і облыс орталығында, 40-ы аудандарда тұрады, ал біреуі Ресей Федерациясының азаматы. Дертті жұқтырғандардың басым бөлігі – 139 жағдай 20-49 жастағы тұрғындар.

Мамандардың сөзіне қарағанда, ауыратын науқастардың жартысынан астамы жұмыс істемейді. ВИЧ көбіне есірткі құралдары мен психобелсенді заттарды тұтыну салдарынан жұғады екен.

Соңғы жаңалықтар