СҚО-да биыл пияз шамамен екі есе, қант пен картоп 1,5 есе қымбаттаған

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру үшін тұрақтандыру қорын қаржыландыру 1,9 млрд теңгеден 3,4 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Amanat» партиясы Солтүстік Қазақстан филиалының жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелеріне кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілі есеп берді.

Маманның айтуынша, бүгінде тұрақтандыру қорында 2 444 тонна өнім бар. Жыл басынан бері бағасы ең көп өскен өнімдердің бірі – пияз, ол 190,4 %-ға, сондай-ақ қант 160,5 %-ға, картоп 149,1 %-ға қымбаттаған. Орташа статистикалық бағаның өзгеруіне өндіруші кәсіпорындардың сатып алу бағасын арттыруы себеп болған.

«Осы айда «Солтүстік» ӘКК Көксу қант зауытынан 204 тонна, Тараз қант зауытынан 816 тонна қант жеткізуге келісім-шарт жасасты. Келісін 450 теңгеден алып жатыр. Бірінші вагон шілде біткенше жеткізіледі. «Радуга» ЖШС «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 136 тонна мөлшерінде қант сатып алды, көтерме бағасы 500 теңге. Бұл бізге жетпейді, біз Беларусьтен қант таптық, бірақ оның бағасы қымбат – 560 теңге», - деді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исаев.

Сондай-ақ, Жамбыл облысынан 66 тонна ерте пісетін пияз сатып алынды. Көкөніс бағасының маусымдық өсуіне байланысты Ақмола облысынан картоп тікелей жеткізіледі. Оңтүстік өңірлерден пияз сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Данияр Исаевтың айтуынша, өңірде тұрақтандыру қорының 26 сауда орны бар. Мәселен қазір тұрақтандыру қорының дүкендері арқылы картоп 120 теңгеден сатылуда.


Соңғы жаңалықтар