СҚО-да биыл мектеп бітіретін түлектердің 71 пайызы ҰБТ тапсырып жатыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл мектеп бітіретін 3 345 түлек болса, соның 71% ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге ниет білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО білім басқармасының мәліметінше, ұлттық бірыңғай тестілеу ақпанның 11-не дейін электронды форматта өңірдегі «U-Study» орталығының 2 филиалында өтеді.

Оның бірі - Петропавлда, екіншісі – Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылында орналасқан.

Тестілеуден мектеп бітірушілер ғана емес, сондай-ақ жоғары оқу орнына шартты түрде қабылданғандар, басқа мамандыққа ауысқысы келетін студенттер де өте алады.

«Университетке шартты түрде қабылданғандарға төрт мүмкіндік беріледі. Педагогикалық және медициналық мамандықтарға шекті балл – 75, техникалық мамандықтарға - 50 балл. Осы төрт мүмкіндікті пайдалана алмаса олар әрі қарай оқуын жалғастыра алмайды. Оқуы беске болса да, ҰБТ нәтижесі болмаса олар келесі курсқа көше алмайды. Бізде университетте осындай 25 адам бар, жалпы әр мамандықтан екі-үш адамнан», - дейді жергілікті университеттің қабылдау департаментінің директоры Гүлмира Оспанова.

Қаңтар айындағы тестілеу қорытындысы бойынша шекті деңгейден өткен мектеп түлектері еліміздің жоғары оқу орындарына коммерциялық негізде түсуге құқық беретін сертификат алады.

Ал білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін міндетті түрде жазғы тестілеуден өтіп, жоғары балл жинау қажет.

Жалпы биыл СҚО-да мектептің 3345 түлегі бар, оның 2 мыңнан астамы немесе 71% ҰБТ-ны қаңтар айында тапсыруға ниет білдірген.


Соңғы жаңалықтар