СҚО-да биыл көкжөтелмен ауырғандар тіркелген жоқ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы аумағында биыл жіті жұқпалы ауру – көкжөтелге шалдыққандар жоқ. Негізінен балалар арасында тарайтын дерт дер кезінде емделмесе, бактериалды өкпе қабынуына әкелуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитар дәрігерлерінің айтуынша, көкжөтел – қауіпті инфекциялық аурулардың бірі. Оның қоздырғышы Bordetella pertussis бактериясы. Көкжөтелмен негізінен балалар ауырып, ол 4-8 апта бойына созылуы мүмкін.

«Көкжөтел науқас жөтеліп, түшкірген кезде ауа-тамшы жолымен оңай таралады. Көбіне 5 жасқа дейінгі вакцина алмаған балалар жұқтырады, әсіресе бір жасқа дейінгі балалар үшін көкжөтел қауіпті. Бұл аурудың инкубациялық кезеңі 5 күннен 10 күнге дейін. Алдымен балада әдеттегі суық тию белгілері пайда болады: мұрнынан су ағып, дене қызуы көтеріледі, көзі жасаурап, жөтел пайда болады. Біртіндеп күшейіп, үздіксіз жөтел ұстамасына ұласады. Әрбір жөтел ұстамасының соңында науқас оттегінің жетіспеуіне байланысты көгеруі мүмкін. Сондай-ақ әлсіреп, құсады. Ұстама түнде жиілейді. Әдетте коклюш дертінде дене қызуы көтерілмейді», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы Салтанат Бекқожина.

Көкжөтелді дер кезінде емдемесе асқынып, бактериялық пневмонияға ұласуы мүмкін. Дене құрысып, бала талып қалады. Оған жөтел ұстамасы кезінде бас миына оттегінің жетпеуі және бактериялық токсиндердің әсері себеп. Сондай-ақ тәбет жоғалып, құлақ ауыруы, ағзаның сусыздануы пайда болуы мүмкін.

«Ауруды антибиотиктер арқылы жеңілдетуге болады, көбіне эритромицин қолданылады. Ал коклюштың пайда болуына вакцинациядан бас тарту себеп. Соңғы кезде діни наным-сенімдері бойынша екпе салдырудан бас тартушылар қатары көбейген. Жалпы көкжөтел басқарылатын инфекцияларға жатады, себебі бұл ауру профилактикалық егулер дұрыс жүргізілмегенде көбейеді. Былтыр СҚО-да 15 бала көкжөтелмен ауырса, биыл дертті жұқтыру жағдайы тіркелмеді», - дейді Салтанат Бекқожина.

Вакцина көкжөтел, дифтерия, сіреспе, В вирустық гепатиті, полиомиелит және b типті гемофильді инфекцияға қарсы балаға 2, 3, 4, 18 айда және 6 жасында егіледі.


Соңғы жаңалықтар