СҚО-да биыл көкөніс сақтауға арналған 4 заманауи қойма салынады

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жаңа өнімге дейін көкөністі сақтау мәселесін шешу үшін шаруашылықтар өз қаражатына 4 заманауи қойма салуды жоспарлап отыр. Өңірдегі көкөніс қоймаларының жалпы сыйымдылығы тағы 10,5 мың тоннаға артпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев алдағы жоспарларымен бөлісті.

Биыл өңір диқандары 4,5 млн га дақыл екпек, бұл – былтырғыдан 1 мың га артық.

«Осы жылы облыс әкімінің тапсырмасына орай, өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қарақұмық алқаптарын 3 есе арттырып, 27 мың га жеткізуді жоспарладық. Нәтижесінде облысты толық өз өнімімізбен қамтимыз. Картоп пен көкөніс алқаптарын да ұлғайтып жатырмыз. Сол себепті, облыстың 4 шаруашылығы жалпы аумағы 10,5 мың тонна болатын заманауи көкөніс қоймасын салуды жоспарлады», - дейді Мейрам Меңдібаев.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта СҚО-да 59,2 мың тонна көкөніс сыятын 59 қойма бар. Оның 21-і салқындату жүйесімен қамтылған. Бұл көкөністі маусым айына дейін шірітпей сақтауға мүмкіндік береді.

Жалпы, кейінгі екі жылда өңірде екі жаңа көкөніс қоймасы салынды. Ол жерлерде 7,5 мың тонна өнімді сақтауға болады.


Соңғы жаңалықтар