СҚО-да биыл қар аз, кей аудандарда оның қалыңдығы 5 см-ден аспайды

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында егіс алқаптарында қар тоқтату жұмыстары басталды. Бірақ агротехникалық тәсілге кей аудандар дайын емес, өйткені даладағы қардың қалыңдығы 5 см аспайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-дағы шаруашылықтардың бірінің басшысы Жомарт Омаровтың айтуынша, серіктестіктің техникасы бірер күн бұрын қар тоқтатуға егіс алқабына шықты. Бұл агротәсілдің қажетті ылғал қорын жинауда берері мол. Нәтижесінде ең кемінде өнімділік 3-4 ц артады екен.

«Күз құрғақ болды. Қажетті ылғалсыз қысқа кіреміз бе деп отырғанда қазан айының соңында бір аптадай жақсы жауын жауды. Одан кейін күн суытып жерді қатырып тастады. Дегенмен биыл жылдағыға қарағанда қар аз. Қаңтар айының басында жақсы қар жауды, қалыңдғы 20-25 см жетерлік. Кейін күн 0 градусқа дейін жылынып, бетін мұз қылып қатырып тастады. Яғни енді боран оны ұшырып әкетпейді. Бірақ, қардың қалыңдығы барлық аудандарда бірдей емес. Оның аздығынан кей аудандар осы кезде басталатын қар тоқтату жұмыстарына шыға алмай отыр», - дейді Жомарт Омаров.

Тәжірибелі маманның айтуынша, күзде жақсы өнім алу үшін дайындықты осы күзде-ақ бастаған жөн. Егістік жерлерде ылғал сақталуы үшін алдын ала жырту қажет.

«Жалпы, дайындық болашаққа деген ең жаман болжаммен, яғни жазда қуаңшылық, түрлі өсімдік аурулары болатындай жүргізілуі тиіс. Бұл, әсіресе, ауа райына тәуелді өңір үшін маңызды. Тағы бір байқағаным, ауа райы 5-7 жылдық циклмен жүреді. Мәселен, өңірде 3 жылдан бері жазда жауын-шашын аз. Сондықтан 7 мың га егістік алқабының барлығында мүмкіндігіне қарай қар тоқтату жұмыстары жүргізіледі», - дейді кәсіпкер.

Жалпы СҚО-да 4,4 млн га алқапқа астық егіліп келеді. Биыл да оның 3 млн га-на дәнді дақылдар, 1 млн га-на майлы дақылдар себілмек.

«Өткен жылдардың тәжірибесін ескере келе шаруашылықтар қажетті ылғал қорын жинау үшін қар тоқтату жұмыстарын бастады. «Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша, күзде алқаптарда қажетті ылғалдың 50% ғана болды, жылдағы көрсеткіш 120 мм болса, соның 67 мм ғана жауды. Сондықтан қыста 3,1 млн га қар тоқтату жұмыстарын жүргізу жоспарланған», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Бақтияр Тоқжігітов.

Маманның айтуынша, 16 қаңтардағы түсірілімге сәйкес, өңірдегі қар жабындысы біркелкі емес. Мәселен Жамбыл ауданында небары 5 см ғана. Қалған аудандарда қардың биіктігі көпжылғы көрсеткіш шамасында. Қар ең көп жауған аудан – Шал ақын ауданы, мұнда қар биіктігі нормадан 2 см кем, 30 см.


Соңғы жаңалықтар