СҚО-да биыл бруцеллез анықталған 60 малдың көзі жойылды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басталғалы 60 шақты малдан бруцеллез ауруы анықталды. Бұл – үш ауданның малы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Ветеринария басқармасының мәліметінше, ауру мал жоспарлы диагностикалық зерттеу барысында анықталған. Қызылжар ауданы Светлопольский ауылдық округі әкімінің шешімімен 19 сәуірде Байсал ауылының бірнеше көшесіне шектеу шаралары енгізілді. Қазіргі уақытта республикалық эпизоотияға қарсы жасақ елді мекенде сауықтыру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Бұл ауылдан малды және мал өнімін сыртқа шығаруға тыйым салынған. Анықталған ауру мал жойылды.
«Шектеуді алу үшін мал бруцеллезге екі рет тексеріліп, екеуінде де теріс нәтиже көрсетуі тиіс. Жалпы осы Қызылжар ауданында жыл басталғалы 9 малдан ауру анықталды. Бұдан басқа Айыртау мен Ақжар аудандарында ірі қараға сарып диагнозы қойылды. Ауырған малдың жалпы саны – 58», - дейді СҚО Ветеринария басқармасының бас маманы Нариман Тасболатов.
Жыл басталғалы 150 мың бас ірі қара мен дәл осынша ұсақ малдан сынама алынды. Бұл өңірдегі тексерілуі тиіс түліктің 65%.
«Бруцеллез созылмалы, адамдар мен жануарларға ортақ ауру. Адамдарға негізі малдан алынатын өнім арқылы жұғады. Сүт арқылы әсіресе. Адамдар жұқтырған жағдайда буыны ауырады, созылмалы түрде өтеді, емделмейді», - дейді Наприман Тасболатов.
Былтыр зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша 6 ауданның 27 елді мекенінде бруцеллезбен ауыратын 206 ірі қара мал анықталды, бұл 2021 жылғыдан 254 басқа аз. Жойылған ауру мал үшін иелеріне 36,3 млн теңге өтемақы төленді.


Соңғы жаңалықтар