СҚО-да биыл 900-ден астам адам ит қауып, медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 24 жылда адамдарда құтырма ауруы тіркелмеген. Алайда жыл басталғалы жануарлар қапқан 907 адам дәрігердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

28 қыркүйек - Дүниежүзілік құтырмаға қарсы күрес күні. Жұқпалы аурулардың ішінде құтырма немесе гидрофобия аса қауіпті, егер алғашқы сағаттарда жұқтырған адамға қажетті көмек көрсетілмесе, ол сөзсіз қайтыс болады.

«СҚО-да эпизоотиялық белсенділік қысқы-көктемгі кезеңде артады, әдетте қауіпті вирус жабайы жануарлар елді мекендерге кіргенде тарайды, олар ит-мысыққа, ауыл шаруашылығы жануарларына жұқтырады. Одан құтырманы адамдардың жұқтыру қаупі артады.

Өңірде тиісті профилактикалық жұмыстың арқасында 1998 жылдан бері адамдардың құтырмамен ауруы тіркелген жоқ. Десек те биыл жануарлар қапқан 907 адам медициналық көмекке жүгінді. Облыс бойынша халықтың антирабиялық көмекке жүгінуі 14,1 % төмендегені байқалады», - дейді СҚО

санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті

инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Юлия Гайсина.

Маманның айтуынша, инфекция жануарлар қапқаннан кейін сілекейдің жараларға, сызаттарға, сондай-ақ көздің, мұрынның, ауыздың шырышты қабаттарына ену арқылы таралады.

«Құтырма ауруы бар жануар бірден байқалады. Олар судан қорқады, сілекейі ағып, агрессивті болады, сондай-ақ сал болып қалуы мүмкін. Аурудың алғашқы күндері иттер жата беріп, тамақтанудан бас тартады, жасырынады, үйден қашып кетуі мүмкін. Содан кейін қозу кезеңі басталады, онда олар адамдар мен жануарларға шабуыл жасайды, іше алмайды, себепсіз үреді, дауысы қарлығады. Мысықтар аурудың алғашқы күндерінен бастап агрессивті, адамдарға шабуыл жасайды. Ауру түлкілер адамдарға жақындап, қолға ұстатады. Ауру жануарларда қозу кезеңін сал басу алмастырады», - дейді Юлия Гайсина.

Елді мекендерде құтырма белгілері бар жабайы жануарлар пайда болған жағдайда олардың үй жануарларына жақындауына жол бермей, инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыратын ветеринариялық маманға тұрғылықты жері бойынша дереу хабарлау қажет.

«Егер де жануар қауып алса, біріншіден, ол жерді дереу сабынмен жуу керек. 10 минут бойы жуған жөн. Терең жараларды сұйық сабынды сумен, сол жерге, мысалы шприцпен беру арқылы жуу ұсынылады. Жара орнын күйдірудің қажеті жоқ. Осыдан кейін дереу жақын маңдағы медициналық пунктке дәрігерлік көмекке жүгінуіңіз керек. Емханада профилактикалық егу курсы тегін жүргізіледі.

Құтырмамен күрестің ең тиімді жолы – екпе алу. Иммундау кезеңінде ақуыздар мен дәрумендерге бай күшейтілген тамақтану ұсынылады, суыққа тоңудан, қызып кетуден, дененің шамадан тыс шаршауынан, сонымен қатар алкогольді ішімдіктерден аулақ болу керек», - дейді дәрігер.

Юлия Гайсинаның айтуынша, құтырмамен ауырған адам сөзсіз қайтыс болатынын есте ұстаған жөн. Ауру емделмейді, бірақ вакцинаны енгізу арқылы оны болдырмауға болады.


Фото: arcpublishing.com



Соңғы жаңалықтар