СҚО-да биыл 700 шақырым жол жөнделді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясы СҚО филиалының фракциясы өңірді дамыту жоспарының орындалуын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірді дамыту жоспары 2016-2020 жылдарға арналған. Солтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жоспар жүзеге асып жатыр, экономиканың барлық саласы бойынша оң көрсеткіштер бар. Соңғы үш жылда өңірдің жалпы ішкі өнімі 6,9% өсіп, 400 млрд теңгеге жетті. Өндіріс 11 пайызға ұлғайды.

Партияның облыстық филиалының төрағасы, СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың пікірінше, партия филиалының фракциясы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға ат салысып, белсенділік танытулары керек.

«Биыл аграрлық салада жалпы өнім 530-540 млрд тг жетпек. Мұндай жоғары нәтижеге әртараптандыруды арқылы қол жеткізбекшіміз. Алайда кей диқандар әлі де бұрынғыша жұмыс істегенді қалайды. Сол себепті партияның фракциясы да шетте қалмай, осы бағытта белсенді жұмыс істеуі керек», - деді өңір басшысы.

Облыста құрылыс саласына, соның ішінде жолдарды жөндеуге басымдық берілген. Құмар Ақсақаловтың айтуына қарағанда, өңірде жаңа, сапалы жолдар көбейеді. Биылдың өзінде 700 шақырым жол жөнделді.

«Біз Петропавл қаласынан аудан орталықтарына, одан әрі болашағы бар ауылдарға жол тартамыз. Биыл Айыртау ауданындағы Саумалкөлде 23 шақырым жол жөнделді, 17 көше қамтылды. Келесі жылы Бескөлде бұл жұмысты жалғастырамыз, басқа аудандарға да кезек келеді. Фракциялар жолдың сапалы салынып, жөнделуін бақылауға алуы керек», - деді Құмар Ақсақалов.

Соңғы жаңалықтар