СҚО-да биыл 60 адамды кене шақты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да күн жылынғалы 60 адамды кене шақты, оның 24-і бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл СҚО-да көктемнің ерте шығу зиянкес жәндіктердің де мерзімінен бұрын оянуына әкелді. Кенелерге шағым айтқан тұрғындар саны өңірде күн санап артып барады. Негізінен табиғат аясына демалуға шыққандар қан сорғыштардан зардап шеккен.

СҚО Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті мамандардың айтуынша, өңір аумағының басым бөлігі туляремияның және кене бөртпе сүзегінің табиғи ошағы аймағында орналасқан. Бұл ауруларды туғызатын микробтар кеміргіштер мен жабайы жануарларда болады. Ал адамға кене арқылы жұғуы мүмкін. Алайда барлық кенелер инфекция қоздырғыштарын тасымалдаушы болып табылмайды, олардың ауру тарататын немесе таратпайтынын адамдар өз бетінше анықтай алмайды. Ол - арнайы зертханада ғана тексеріледі екен.

Былтыр облыс бойынша туляремияның 1, кене энцефалитінің 3 және кене бөртпе сүзегімен аурудың 20 жағдайы тіркелді. Жалпы, кене арқылы таралатын негізгі аурулар: вирустық кене энцефалиті, кене бөртпе сүзегі, иксодтық кене боррелиозі, геморрагиялық қызбалар, кенелік теңбіл безгегі.

«Кене бөртпе сүзегімен ауру кене шаққаннан соң 2-7 күннен кейін басталады, дененің қалтырауы, температураның 38-40 градусқа дейін тез артуы, әлсіздік, бастың және бұлшық еттердің ауыруы байқалады. Ауруға тән белгілер: тері бөртіп, көбінесе кеудеге, арқаға және қолдың бүгілетін жеріне шығады», - дейді СҚО Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің бас маманы Толқын Қаженова.

Ал, туляремияны жұқтырғанда науқаста қалтырау, дене қызуының 38-40 градусқа дейін көтерілуі, денесінің ауырсынуы, бас ауруы, әлсіздік туындайды.Туляремияда адам ағзасының әртүрлі органдары мен жүйелері зақымдануы мүмкін, ауру жиі ауыр және созылмалы түрде өтеді екен.

Биыл СҚО-да маусым басталғалы 60 адамды, соның ішінде 24 баланы кене шақса, былтыр осы себеппен 700-ге жуық адам дәрігерге қаралған. Оның 234-і балалар.

«Былтыр кене шағу жағдайы 2017 жылмен салыстырғанда шамамен 300-ге артық болды. Қан сорғыштың шаққанын көрген жағдайда басты қатерге тікпей, дәрігерге көрінген абзал. Кенелер 1,5 метрден жоғары көтерілмейді. Сол себепті орманға, алаңқайға шыққанда қорғану шараларын ескеру қажет, яғни жабық киім киіп, репелленттерді қолданған жөн», - дейді СҚО Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің бөлім басшысы Фарида Мұхамеджанова.

Соңғы жаңалықтар