СҚО-да биыл 50-ден астам маскүнем-нашақор мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басталғалы елуден астам адам маскүнемдік пен нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емделуге жіберілсе, алкогольді ішімдіктерді мөлшерден артық пайдаланатын 500-ге жуық адам полицейлердің есебіне алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда ғана жыл басталғалы бері заңсыз айналымнан 1,5 мың литрден астам алкоголь алынды. Былтыр бір жылда 17 мың литрден астам заңсыз арақ-шарап анықталып, көзі жойылды.

Бұдан басқа, қалалық полицейлер жыл басынан бері маскүнемдік пен нашақорлықтан мәжбүрлеп емдеуге 17 адамды жіберді. Олар алты айдан бір жылға дейін наркологиялық мекемеде ем-дом алады.

«Қылмыс, бұзақылық, жол-көлік оқиғалары көбінесе мас күйдегі адамдармен жасалады. Сонымен қатар, отбасындағы ұрыс-керіс, жанжалға да көп жағдайда арақ кінәлі. Қылмыстың алдын алу үшін учаскелік инспекторлар маскүнем ретінде есепте тұрғандарды жүйелі түрде тексереді.

Жыл басынан бері СҚО-да қоғамдық орындарда мас күйде жүрудің 1735 фактісі, алкоголь өнімін заңсыз сатудың 68 фактісі анықталды.

Жалпы, облыс бойынша осы жылдың басынан бастап маскүнемдік пен нашақорлықтан зардап шегетін 50-ден астам адам емделуге жіберілді.

Ішкі істер органдары алкогольдік ішімдіктерді мөлшерден тыс пайдаланатын 476 адамда есепке алды», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.


Соңғы жаңалықтар