СҚО-да биыл 42 спорт нысаны пайдалануға берілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 42 спорт нысаны пайдалануға берілді, оның ішінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жабық хоккей корттары және шағын футбол алаңдары бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Раисовка елді мекенінде жабық хоккей корты пайдалануға берілді. Бұл биылдыққа іске қосылған осымен төртінші мұз айдыны. Жалпы жыл соңына дейін 42 спорт нысаны ашылса, соның ішінде екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 21 шағын футбол алаңы бар. Қазір аудандарда тағы 5 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр.

«Келер жылы тағы 6 хоккей корты салынады. Жаңа спорт нысандары спортшыларды әзірлеуге, оларды жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге ынталандырады. Мысалы, «Барыс» баскетбол клубы биыл Жоғары лига чемпионы болды. «Есіл» мен «Қуаныш» волейбол клубтары Ұлттық лиганың қола медальдарын иеленді. «Қуаныш» сондай-ақ алғаш рет өңір тарихында Қазақстан Кубогының қола жүлдесін жеңіп алды. «Қызыл-Жар» футбол клубы 20 жылда алғаш рет маусымды 4 орында аяқтап отыр. Жалпы өңір спортшылары биыл 300-ден астам республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, 1,5 мыңға жуық медаль алды», - дейді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Спортпен айналысатын балалардың қатарын арттыру мақсатында және мемлекеттік спорт тапсыры аясында өңірде 3 мыңнан астам бала секцияларға тегін баруға мүмкіндік алды.

«Үш мың отбасының әрқайсы айына кемінде 10-20 мың теңге үнемдей алмақ. Ал бірнеше баласы болса, бұл сома көбейе түспек. Жақсы көмек деп ойлаймын. Келер жылы Петропавлда 3 мың орынға шақталған спорт сарайының құрылысын бастаймыз. Ол халықаралық стандарттарға сай салынады. Осылайша жоғары деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырамыз. Бұдан басқа «Қарасай» стадионын жаңғыртуды жоспарлап отырмыз», - дейді өңір басшысы.


Соңғы жаңалықтар