СҚО-да биыл 400-ге жуық әлеуметтік маңызы бар нысан жөнге келтіріледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл әлеуметтік маңызы бар 377 нысан жөнделеді, соның ішінде 32 мәдениет үйі жаңаланбақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ондаған жылдан кейін алғаш рет биыл мәдениет нысандары жөнге келтіріліп жатыр. Облыс бойынша 32 мәдениет үйі жөнделмек. Олардың қатарында Ақжар ауданындағы Ақжарқын және Восходское елдімекендеріндегі нысандар да бар. Ауылдардағы мәдениет үйлерінің іші-сырты ғана жаңаланып қоймай, атқаратын қызметіне де өзгеріс енбек.

«Ауылдардағы бұрынғы мәдениет үйлері мен қазіргілерінің айырмашылығы жер мен көктей болуы тиіс. Яғни, көпфункциялы болып, ол жерде көру залынан басқа спортпен айналысатын тренажерлер залы, киінетін жері болғаны дұрыс. Барлық, тіпті спорттық іс-шаралар да осы жерде өтуі керек», - дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Ақжар ауданында 719 млн теңгеге 21 нысан жөнделеді. Олардың ішінде мектептер, мәдениет және спорт нысандары бар. СҚО бойынша биыл әлеуметтік маңызы бар 377 нысанды: жолдарды, су нысандарын, мектептерді, ауруханаларды, мәдениет және спорт кешендерін жөнге келтіру жоспарланған.

Қазір аудан орталығы Талшықта стадион күрделі жөнделіп жатыр. Мұнда жасанды газон төселіп, тартан жабындысы бар жүгіру жолы салынады. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бітуге жақын. Жалпы биыл өңірдің аудан орталықтарында осындай алты дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғызылмақ.


Соңғы жаңалықтар