СҚО-да биыл 39 мектепті жөндеуге 3,8 млрд теңге бөлінеді

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 39 мектеп күрделі жөндеуден өтпек. Оның бір бөлігі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнге келтіріледі. Жалпы күрделі жөндеу жұмыстарына 3,8 млрд теңге жұмсалмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, осы жылдың жоспарларымен бөлісті.

Ведомство жетекшісінің айтуынша, соңғы үш жылда білім беру саласының бюджеті 1,5 есе өсіп, 134,8 млрд теңгеге жеткен.

«Білім саласындағы барлық жұмыс білім сапасын арттыруға, қала және ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқартуға бағытталған. Тайынша ауданында 720 орынға арналған 2 мектеп құрылысы жүріп жатыр. Оның бірі - Вишневка елді мекенінде, 120 орынға шақталған, екіншісі Тайынша қаласында салынып жатыр, 600 орынға арналған. Алда Драгомировка елді мекенінде 120 орындық мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз.

Облыс орталығы мектептеріндегі орын тапшылығын қысқарту мақсатында 2026 жылға дейін 3,3 мың орынға арналған 4 жаңа мектеп салынады», - дейді Нәзір Жәшібеков.

Білім беру нысандары сондай-ақ, күрделі жөндеуден өтеді. Былтыр 2,5 млрд теңгеге 31 мектеп, оның ішінде «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша 21 нысан күрделі жөндеуден өтті. Ғимараттардың негізінен шатыры, терезелері, жылыту жүйесі ауыстырылды.

Биыл 39 білім беру нысаны 3,8 млрд теңгеге күрделі жөнделмек.

Мектептердің материалдық-техникалық базасын күшейту жөнінде жұмыс жалғаспақ. Өткен жылы 150 млн теңгеге 28 физика және биология пәндік кабинеттері алынса, биыл оның қатары тағы 28 кабинетпен толықпақ.

«2020 жылдан бастап барлық толық жинақталған Петропавл мектептеріне - 48 білім ордасына жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі енгізілді. Бұл өз қаржысын өз бетінше және тиімді басқаруға, қаржыны үнемдеуге және ең маңызды қажеттіліктерге қайта бағыттауға мүмкіндік берді. Үнемделген қаражат есебінен осы жылы қалалық мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, жөндеу жүргізу жоспарланған», - дейді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар