СҚО-да биыл 32 елді мекенді таза сумен қамтуға 9,1 млрд теңге бөлінді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауылдарды таза сумен қамтуға биыл 40 пайызға артық қаражат бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысына «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында таза сумен қамтуға биыл республикалық қазынадан 9,1 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы негізінен Есіл ауданы мен Тимирязев аудандарындағы 26,5 мың тұрғыны бар 32 елді мекенге жұмсалмақшы. Бүгінде ауылдарда жұмыс қызған, мердігер компаниялар 135 шақырым торапты қыс түскенше тартып бітіруі қажет.

Есіл ауданының Николаевка ауылында 1300-дей адам тұрады. Қазіргі таңда мұнда барлық үйлерді орталықтандырылған сумен жабдықтау үшін санация әдісімен су құбырын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Кезінде жер астында қалған ескі құбырларға жаңа құбырлар жалғанып, құдықтар тазаланады.


«Ескіге жаңа құбырларды жалғап қана қоймай, сонымен қатар біз ауыл тұрғындарына өз үйлеріне көлденең бұрғылау әдісімен су құбырын тартуға көмектесеміз. Оның бағасы метріне 3 мың теңге. Зейнеткерлер мен көп балалы отбасыларына жеңілдігіміз бар. Техникалық құжаттарға сәйкес ауылға 37 құдық қоямыз», - дейді мердігер Вадим Григорьев.

Осы күнге дейін Николаевка ауылының 15-ке жуық отбасы өз үйлеріне су кіргізді. Солардың бірі Ербай Оспанов. Ол бұған дейін ауыз суды ауыл шетіндегі мұнарадан 1 флягісін 20 теңгеге сатып алатын. Ал бақша мен малды суару үшін ауласына ұңғыма орнатқан.

«Жалғағандарына 1 апта ғана болды, суды әлі қосқан жоқ. Жиырма жылдан артық қиындық көрдік. Судың енді үй ішінде болатындығына қуанып жүрміз», - дейді ауыл ақсақалы Ербай Оспанов.



Республикадан бөлінген қаражатқа қосымша облыс қазынасынан да 465 млн теңге осы салаға жұмсалмақ. 208 шақырым су торабына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 28 мың тұрғыны бар 41 ауылдың су мәселесі шешілмекші. Бұл жұмыстардың нәтижесінде елді мекендердің 62,4% орталықтандырылған су желісіне қосылады.

Соңғы жаңалықтар