СҚО-да биыл 3 мыңнан астам отбасыға суды үйге кіргізуге жағдай жасалмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында елді мекендерді таза сумен қамту және тұрғын үйлерге су жеткізу биыл да жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірде өзекті мәселелердің бірі – елді мекендерді таза сумен қамту біртіндеп шешімін тауып жатыр. Былтыр осы мақсатқа 6,5 млрд теңге жұмсалды. 335 шақырым желі жөнге келтіріліп, 76 ауыл таза сумен қамтылды.

Биыл осы мақсатқа 10,7 млрд теңге жоспарланған. Қазір ауылдарға суды тартып қана қоймай, үш жылдан бері оларды үйге дейін жеткізу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. 2018-2019 жылдары 647 үйге су кіргізілді. Былтыр 2 900 отбасы баспанаға су тартып алды. Биыл олардың қатары тағы 3 мыңнан астам шаңырақпен толықпақ.

«Суды үйге кіргізу – арзан емес. Баспана мен құдықтың ара қашықтығына байланысты баға әртүрлі. Сол себепті биыл су желілерін тарту кезінде елді мекен ішінде құдықтар көбірек орналасатын болады.

Былтыр әр ауылға орта есеппен 12 құдықтан орнатылды. Биыл олардың санын екі есе арттырамыз. 3-6 үйге бір құдық қоямыз. Осылайша тұрғындар азғантай шығынмен суды үйлеріне кіргізе алады», - дейді Құмар Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар