СҚО-да биыл 3 мыңнан аса адам «Бастаумен» кәсіпкерлік негіздерін үйренеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Бастау» мемлекеттік бағдарламасына биыл 3 115 адам қатысады, грант беруге 700 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда СҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы аумақтық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Аудандық филиалдардың жетекшілері «Бастау» және «Жас кәсіпкер» жобаларының жүзеге асуы бойынша есеп берді.

«Кәсіпкерлер палатасы «Бастау» және «Жас кәсіпкер» бағдарламаларын жүзеге асыру барысында курстардан өтушілерді оқытудың толық кезеңімен қамтиды. Әрі қарай олар жобаларын қорғайды, кейін бір жыл бойы жас кәсіпкерлерге палатаның сарапшылары, бизнес тренерлер қолдау көрсетіп, көмек береді. Яғни өз ісін бастауды мақсат еткен тұрғын мемлекеттің қолдауымен, мамандардың көмегімен кәсібін аша алады», - дейді облыстық аумақтық кеңестің төрағасы Владимир Богданов.

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні курстан өткен 302 түлек ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы қаржыландырылды. Отырыста мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар арасында гранттарды үлестіруде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жайы айтылды. Өйткені облыстың кей аймақтарында мұндай деректер тіркелген.

Кездесуге келгендер «қарапайым заттар экономикасы» жобалық кеңсесінің жұмысымен де танысты.

«Жобалық кеңсе 109 жобаны қарады. Оның 70-ін аудандар және Петропавл қалалық әкімдігі ұсынды. Оларды саралай келе жобалық кеңсе болашағы бар 55 жобаны бөліп алды. Қазір ортақ сомасы 12 млрд 250 млн теңге болатын 41 жоба мониторингілеуден өткізіліп жатыр. 5 млрд 266 млн теңгенің 18 жобасы қаржыландырылды. Тағы үшеуіне қаржы ұйымдары 450 млн теңге беруге әзір. Олар тағы 11 жобаға 4 млрд 772 млн теңгені беру-бермеу мәселесін шешіп жатыр», - облыстық Кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің жетекшісі Аслан Нұрсейітов.

Мамандардың мәліметінше, биылдан бастап ұлттық кәсіпкерлер палатасында комплаенс-бақылау департаменті ашылды. Аймақтарда этика бойынша уәкілдер жұмыс істейді. Осылайша палатаның уәкілі Тимур Елеукин этика Кодексінің ережелерімен таныстырды. Соның ішінде сыйақы, сыйлық алмауды, басқа да артықшылықтарды қолданбауды ескертті. Өңірлік кәсіпкерлер палатасында барлық қызмет тегін көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар