СҚО-да биыл 3 мыңға жуық бозбала әскерге шақыру учаскелеріне тіркеледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті әскери басқару органдарында 2020 жылдың көктемінде мерзімді әскери қызметке шақырылатын азаматтарды алдын ала зерделеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Қорғаныс істері департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, тіркеуді жергілікті әскери басқару және тиісті жергілікті атқарушы органдар бірлесіп өткізеді. Мақсат - азаматтарды әскери есепке қоя отырып, олардың санын, әскери қызметке жарамдылық дәрежесін айқындау, білім және дене дайындығы деңгейін анықтау.

Әскерге шақыру учаскелеріне тіркелуге жататын барлық азаматтар шақырту қағазында көрсетілген құжаттарды өзімен бірге алып, нақты белгіленген күні шақырту учаскелеріне келуі қажет.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заң негізінде меншік нысанына қарамастан, кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар, білім беру ұйымдарының басшылары әскерге шақыру учаскелеріне тіркелуге жататын азаматтарды қажетті уақытта босатуға және олардың Қорғаныс істері жөніндегі бөлімге келуін қамтамасыз етуге міндетті», - дейді СҚО Қорғаныс істері департаментінің баспасөз қызметшісі Айман Әбжапбарова.


Медициналық комиссия құрамына әскери-дәрігерлік сараптама мәселелері бойынша дайындықтары бар білікті дәрігер мамандар, яғни, хирург, терапевт, невропатолог, психиатр, көз дәрігері, құлақ-мұрын дәрігері, дерматовенеролог, тіс дәрігері кіреді. Әскерге шақырушылардың әрқайсымен және оның ата-анасымен зерделеуге жауапты лауазымды тұлғалар жеке әңгімелесу жүргізеді. 10 қаңтар басталған бұл жұмыстар наурыз айының соңына дейін жалғасады.

Әскери тіркеу кезінде ҚР Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындары мен Кадет корпусына, басқа да әскери оқу орындарына түсуге үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі.

СҚО бойынша биыл 17 жасқа толатын 3000-ға жуық бозбала тіркеуден өтеді.


Соңғы жаңалықтар