СҚО-да биыл 1600 отбасы 930 млн теңгеге атаулы көмек алады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны азайып келеді. Былтыр 10 мыңнан астам адамға қолдау көрестілсе, биыл олардың саны 7 100 шамасында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа табыс өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% төмен болғанда төленетін уақытша қаржылық қолдау. Былтыр өңірде 10 326 адам немесе 2470 отбасы көмек алды. Оларға жалпы сомасы 704,9 млн теңге төленді. Бұл – 2020 жылғы алушылар санынан 6,5% аз. Ал биыл 7157 азаматты немесе 1602 отбасын қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатқа 930,1 млн теңге жұмсалмақ.

«Бағдарламаның мақсаты – табысы аз азаматтарды мемлекеттік қолдау шаралары есебінен еңбек етуге ынталандыру. Осыған байланысты, еңбекке қабілетті отбасы мүшелеріне қойылатын талаптар күшейтілді, мысалы, ұсынылған жұмыстан бас тартқан немесе әлеуметтік келісімшарт талаптарын орындамаған жағдайда отбасының барлық мүшелері қолдау алу құқығынан айырылады», - басқарма мамандары.

Былтыр облыстың аз қамтылған 671 тұрғыны жұмыспен қамтылды, оның ішінде тұрақты жұмысқа орналастырылғандары да бар. Бұдан басқа қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орны, қайта даярлау, біліктілігін арттыру, жастар тәжірибесі, сондай-ақ бизнес-идеяларды іске асыруға өтеусіз гранттар беру, ара шаруашылығы, құс шаруашылығы, мал шаруашылығы, тігін ісі, жиһаз жасау, қызмет көрсету саласы және өзге де бағыттар бойынша жәрдем беріледі. Жұмыспен қамту шаралары нәтижесінде 600-ден астам отбасының материалдық жағдайы жақсарды.

«Ақшалай төлем және жұмыспен қамту шараларынан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар кепілдендірілген әлеуметтік жиынтықпен қамтамасыз етіледі. Мектепке дейінгі жастағы балалар азық-түлік және тұрмыстық химия қоржындарымен қамтамасыз етіледі. Азық-түлік жиынтықтары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдары бойынша физиологиялық ерекшеліктерді, өнімдердің тағамдық және энергетикалық құндылықтарының ара қатынасын және оларды жасына сәйкес пайдалану нормаларын ескере отырып қалыптастырылған», - дейді әлеуметтік қызметшілер.

Ал мектеп жасындағы балаларға оқу жылы кезеңінде мектепте ыстық тамақ, мектеп формасы, спорттық киім, мектепке қажет керек-жарақ беріледі, сондай-ақ қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүреді.

Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті әлеуметтік әмиянға есептеу жоспарланған. Әлеуметтік әмияннан қаражатты банк картасына аударып, оны әдеттегідей пайдалануға немесе қолма-қол ақша ретінде шешіп алуға болады. Әлеуметтік әмиянға салынған қаражат банктер, коллекторлар және салық органдарының өндіріп алуынан қорғалады.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін жеке куәлікпен ауылдық округ әкіміне, тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінуге немесе egov.kz. «Электрондық үкімет» порталы арқылы өз бетінше өтініш беруге болады.


Соңғы жаңалықтар