Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

СҚО-да биыл 136 адам өзіне қол жұмсады, оның біреуі - жасөспірім

2021 жылғы 16 қараша 14:33

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында психикалық денсаулық орталығы «Облыс тұрғындары арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл және жұмыс қорытындылары» атты дөңгелек үстел өткізді. Оған мүдделі мемлекеттік мекеме өкілдері және үкіметтік емес ұйымдар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Психикалық денсаулық орталығы жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен суицидтің алдын алуда кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.

Биыл денсаулық сақтау, білім басқармалары мен жергілікті полиция қызметі арасында СҚО халқының барлық жас санаттары арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша шаралар кешенін іске асыру жөніндегі өңірлік жоспар құрылды.

Күрделі суицидологиялық жағдайы бар аудандарды анықтау мақсатында ай сайын мониторинг жүргізіледі.

Облыс бойынша суицидологиялық жағдайды салыстырмалы талдау Жамбыл, Аққайың, М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда дағдарыс жағдайында жасөспірімдердің мінез-құлқында өз-өзіне қол жұмсаудың жоғары қаупі сақталып отырғанын көрсетті. 2021 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ересектер арасында 135 суицид, кәмелетке толмағандар арасында аяқталған суицидтің 1 жағдайы тіркелді. 2020 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша ересектер арасында 199 аяқталған суицид және кәмелетке толмағандар арасында 6 оқиға тіркелді», - дейді - дейді психикалық денсаулық орталығы директоры Дәуренбек Бейсенбаев.

Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ересектер арасында 233 суицид әрекеті және жасөспірімдер арасында 13 оқиға тіркелді.

Соның ішінде 7-і Петропавлда, 6-ы аудандарда болған.

Былтыр ересектер 251 рет өзіне қол-жұмсамақ болса, кәмелетке толмағандар арасында осындай 15 жағдай, Петропавлда 8 жағдай, аудандар бойынша 7 жағдай тіркелген.

Өңірде мобильді топ жұмыс істейді, оның құрамына психолог, әлеуметтік педагог, құқық қорғау органдары мен прокуратура өкілдері кіреді.

Мамандар жасөспірім өзіне қол жұмсауға әрекет еткен отбасылар мен оқу орындарына барып, алдын алу жұмыстарын жүргізеді.

Мамандар балалармен кездеседі және әңгімелер жүргізеді, ата-аналарға кеңес береді. Осы жылы қазан-қараша айларында 4 жасөспірім орталықта стационарлық ем алды.

«Жыл басынан орталыққа 65 жасөспірім келіп, көмек алды. Оларды дәрі-дәрмекпен емдедік, психолог 88 түзеу сабақтарын өткізді. Ата-аналарымен 42 кездесу өтті. Көп жағдайда жасөспірімдерде теріс эмоционалды күй ата-анамен және құрдастарымен тіл табыспағанда, қақтығыс аясында пайда болады», - дейді Дәуренбек Бейсенбаев.

Мамандардың айтуынша, психологиялық көмек керек болған жағдайда 8 771 029 28 99 сенім телефонына хабарласуға болады.

Сондай-ақ орталықтың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында қажетті ақпарат жарияланған.


Автор:

Ақерке Дәуренбекқызы

Новости по теме
Серіктестер жаңалықтары