СҚО-да биыл 1 мыңнан астам адам жануарлардан зардап шеккен

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 1073 адам жануарлардың тістеп-қабуынан медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір – құтырманың табиғи ошағы аймағында орналасқан. Әсіресе қыс пен көктемде қауіпті вирус қозып, жабайы жануарлармен елді мекендерге енеді, ит-мысыққа, малға жұғып, адамдарға қауіп төндіреді.

Биыл облыста жануарлардың тістеп-қабуынан 1073 адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген. Мамандардың айтуынша, көрсеткіш 100 мың халыққа 193,5 құрады. Қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын азайту мақсатында жергілікті бюджеттен 33 млн 826 мың теңге бөлінді. Нәтижесінде 9272 ит пен 493 қаңғыбас мысық ауланып-атылды.

«Ауру жануарларды бірден білуге болады. Олардың сілекейі ағып, адамдарға шабады. Тамақ ішпей қояды. Судан қорқады. Ауру түлкілер ауыл ішіне кіріп кетуі мүмкін. Бірақ олар адамдарға жақын келгенімен – шаппайды. Ал құтырманың тыныш формасы болса жануарда бірден сал ауруы дамиды», - дейді СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Юлия Гайсина.

Құтырманың алдын алуда қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын азайтудың маңызы зор. Ал үй жануарларын итжатақта ұстап, серуенге қарғы баумен және тұмылдырықпен шығару қажет. Сондай-ақ иттерге құтырмаға қарсы вакцина ектіруге болады.

«Құтырма емделмейтін ауру, тыныс алу жүйесі салданып, жүрек қағысы бәсеңдейді. Адам қорқынышты азаптан өледі. Аурумен күрестің бір жолы – вакцина салдыру. Вирус жараға сілекей арқылы кіреді, нерв жүйелерінің жолдарымен жүріп және орталық нерв жүйесін зақымдайды. Ит қапқан жағдайда жарақатты 15-20 минут сабындап жуу керек. Кейін 70% спиртпен немесе 5% йод тұнбасымен өңдеп, ертерек көмек алу үшін медициналық ұйымдарға жүгіну қажет. Мұнда құтырмаға қарсы егулер тегін жасалады», - дейді Юлия Гайсина.

Құтырмаға қарсы екпені алдын алу мақсатында да жасатуға болады. Иммундау мерзімінде ақуыздар мен дәрумендерге бай тамақ жеп, суық тигізуге болмайды. Сондай-ақ алкогольдік сусындарды ішуден де бас тарту қажет.


Соңғы жаңалықтар