ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Жер сағаты» дүниежүзілік экологиялық акциясына 10 кәсіпорын-мекеме қатысуға тілек білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Экология департаментінің мәліметінше, «Жер сағаты» экологиялық акциясы 25 наурыз күні сағат 20.30 – 21.30 аралығында өтпек. Іс-шараны Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры ұйымдастыруда. Әдетте, акция наурыз айының соңғы сенбісінде өткізіледі.
«Дәстүрлі акцияға әлемнің 180 елі қатысады. Қазақстан оған биыл 14-рет қосылғалы отыр.
Осы күні миллиондаған адам 1 сағатқа электр қуатынан бас тартып, жарық пен электр қондырғыларын сөндіреді. Сәулет ескерткіштері жарықтандырылмайды.
СҚО биыл да «Жер сағаты» акциясына қатысуды жоспарлап отыр. 10 кәсіпорын-ұйым тілек білдірді», - дейді өңір экологтары.
Бұдан бөлек, 25 наурызда Мүсірепов және Гашек көшелерінде Жамбыл көшесінен бастап 2-ЖЭО дейін, Әуезов көшесінде Индустриальный өтпесінен «Малодел» ЖШС-ға дейін көше жарығы бір сағатқа сөндірілмек.