СҚО-да бір жылда 100 қылмыстық істі ашқан тергеуші үздік атанды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкері, 26 жастағы Берік Ілиясов үздік тергеуші атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция аға лейтенанты Берик Ілиясов былтыр аға тергеушісі есебінде 100-ге жуық қылмыстық істі ашқан. Жас маманның жоғары кәсібилігі, адал еңбегі бағаланып, ол өңірдің үздік тергеушісі атанды.

Берік Ілиясов ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі. Еңбек жолын 2015 жылы Аққайың аудандық полиция бөлімінде тергеушінің көмекшісі қызметінен бастаған.

«Жоғары заң білімінен басқа бұл жұмыс үлкен жауапкершілікті, шыдамдылықты, сұрақтарды сауатты әрі нақты қоя білуді, қылмыстық процеске қатысушылардың айғақтарынан дұрыс қорытынды шығаруды талап етеді», – дейді тергеуші.

Қылмыстық істерді сот органдарына дейін жеткізу - тергеушінің басты міндеті. Сондай-ақ маман оқиға орнына шығып, материалдарды зерделейді, сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіліміне енгізіп, қылмыстық істі сотқа беру үшін дәлелдемелер жинайды. Қазіргі уақытта Петропавл қалалық полициясының тергеу бөлімінде жиі тергелетін қылмыстардың бірі – интернет-алаяқтық.

«Өкінішке қарай, қаншама ескертіп, алдын алу жұмыстарын жүргізгенімізбен алаяқтарға алданатындар азаймай отыр. Интернет-алаяқтармен күресті бастағанымызға биыл үш жыл. Жалпы тұрғындарды қылмыскерлердің осындай әрекеттерінен хабардар ету – барлық полиция қызметкерлерінің ортақ міндеті», – дейді Берік Ілиясов.

Жарты жыл ішінде жас маман сотқа интернет-алаяқтық фактілері бойынша 67 іс жіберді. Соның бірі - әлеуметтік желі арқылы адамдарға тауарлық несие рәсімдеген қылмыскер. Күдікті 20 жастағы петропавл тұрғыны болып шықты. Ол екі айда 15 адамды алдап, олардың есебінен смартфондар мен басқа керек-жарақтарды алған.

Берік Ілиясов, сондай-ақ жекпе-жек және бокстан спорт шеберлігіне кандидат. Ол спорттың бұл түрлерімен 10 жасынан бастап айналысып келеді. Ал туған-туыстары оны қашан да қолдауға әзір.


Соңғы жаңалықтар