СҚО-да бір жыл бұрын элеватордан 170 млн теңгені қолды еткен күдікті ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында элеваторға қарақшылық шабуыл жасап, 170 млн теңгені ұрлаған күдікті бір жылдан кейін ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге салайық, қарақшылық шабуыл былтыр қараша айында Ақжар ауданында болды. «Талшық Астық LTD» ЖШС ғимаратына маска киген 4 адам басып кіріп, шолақ мылтыққа ұқсас қарумен қорқытып, 170 млн теңгені алып кеткен.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілердің біреуі бір жылдам астам уақыт іздеуде болды. 10 желтоқсан СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерінің астанаға қызметтік іссапары барысында оның ізіне түсіп, ұстады. Қазіргі уақытта Көкшетаудың 33 жастағы тұрғыны Нұр-Сұлтан қаласының уақытша ұстау изоляторында отыр. Бұл шабуыл жасаған топтағы екінші күдікті, біріншісі қаңтарда қолға түскен болатын. Полицейлер қазір қалғандарының жүрген жерін анықтау мақсатында жұмыс жүргізіп жатыр.

«Қылмыскерлерді іздеу – криминалдық полиция бөліністері жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі. Кейде сот төрелігінен қашып жүргендерді іздеуге көп уақыт кетеді. СҚО-да жыл басынан 47 қылмыскерге іздеу жарияланды. Бүгінде олардың 35-і ұсталды, үшеуі қарақшылық шабуыл, екеуі ауыр дене жарақаттарын келтіргені, біреуі тонау, тағы біреуі есірткі қылмысын жасағаны үшін іздеуде болды.

ТМД елдерінің құқық қорғау органдары үшін облыс полицейлері 20 қылмыскердің жүрген жерін анықтап берді. ҚР тыс жерде қылмыс жасады деген күдікпен төрт солтүстікқазақстандық анықталды», - дейді СҚО ПД КПБ бастығы полиция полковнигі Пётр Климов.


Соңғы жаңалықтар