СҚО-да бір жасар сәби коронавирустан қайтыс болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы инфекциялық стационарда соңғы үш күнде коронавирусты жұқтырған 4 адам қайтыс болды. Олардың біреуі жастан екі ай асқан сәби, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде соңғы 10 күнде коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетті. Шілде айының басында инфекциялық стационарларға тәулігіне 20 шақты адам ғана түссе, соңғы үш күннен бері күнделікті оттегі баллонына тәуелді 50 адамнан түсіп жатыр.

1 шілде күні облыстағы инфекциялық стационарларда 670 орын болып ол 27 %-ға ғана толық болса, 19 шілдедегі жағдай бойынша төсек-орын саны 830-ға жеткен. Олар 47 %-ға толық. Сырқаттанып ем алып жатқандар 167-ден 393-ке дейін жетті.

«Жағдайы ауыр науқастардың саны күрт артып, 17-ден 28-ге дейін жетті. Жансақтау бөлімшесіне күнде 7 сырқаттан түседі. Өкпені жасанды желдету аппаратында жағдайы өте нашар 11 науқас жатыр. 393 сырқаттың ешқайсысы Covid-19-ға қарсы вакцина алмаған.

Соңғы үш күнде инфекциялық стационарларда ем алып жатқан 4 адам Covid-19-дан қайтыс болды. Олардың біреуі – жастан екі ай ғана асқан сәби. Қайтқандардың ешқайсысы да вакцина алмаған. Сәби де, оның анасы да екпе алмаған туыстарынан коронавирусты жұқтырған. Салдарынан бала Covid-19-дан сақтана алмады», - делінген баспасөз хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, Covid-19-ға қарсы екпе алған адам қауіпті инфекцияны жұқтырған жағдайда да, ол жеңіл өтеді. Ең бастысы – мұндай адамның айналасындағыларға келтірер қаупі төмен. Ал вакцинациядан өтпегендер Covid-19-бен ауырған жағдайда екпе алуға болмайтындарды: балаларды, екіқабат әйелдерді, емізетін әйелдерді, денсаулығы нашар адамдарды жұқтырады.


Соңғы жаңалықтар