СҚО-да бір үйір жылқы екі жол апатына себепші болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бос жүрген бір үйір жылқы тас жолға шығып кетіп, салдарынан екі жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі оқиға да Есіл ауданының аумағында түнде болған. 1 қараша күні Шал ақын ауданының 54 жастағы тұрғыны «Лада Ларгус» автокөлігімен жұбайы және туысымен Петропавл қаласынан үйіне қайтып келе жатады. Сағат 22.00 шамасында Есіл ауданы Бірлік ауылы маңындағы Жезқазған-Петропавл тас жолында автокөлік алдына бір үйір жылқы шыға келген. Жүргізушінің айтуынша, соқтығыспау мүмкін болмады. Адамдар дін аман, соққы алған жануар өліп қалды. Автокөлікке зақым келгенімен, сапарын жалғастырды.

Полицейлер бақташысыз жүрген жылқыны іздеуге кіріскен кезде, жақын маңда екінші жол-көлік оқиғасы болды. 32 жастағы петропавлдық сол жолдың бойында «Лада Приора» автокөлігімен Ғ. Мүсірепов ауданының Новоишимское ауылына қарай келе жатып, алдынан шыға келген жылқыны жанамалай соғып кеткен. Жүргізуші мен 29 жастағы жолаушы зардап шеккен жоқ, ал жануар қашып кетті. Көлікке механикалық зақым келді.

Тәртіп сақшылары бос жүрген малдың иелерін тапты.

Жылқы иелері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу» бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.

«Жыл басынан осымен төртінші рет қаңғыбас малдар жол-көлік оқиғасына себепші болды. Мал иелерінің жауапсыздығынан адамдар жарақат алып, тіпті адам өліміне әкеліп соғуы да мүмкін. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері малдың бос жүруіне жол бермеу үшін түсіндірме іс-шараларын жүргізіп тұрады. Тамыз айының ортасынан, СҚО аумағында мал бағу қағидасы қолданысқа енгізілген сәттен, малдарын еркін жайылымға жіберген ауылдың 40 тұрғыны жауапкершілікке тартылды», - дейді Есіл ауданының ПБ бастығы Ерлік Есләмбеков.

Айта кетсек, облыста жыл басынан автокөліктер мен жануарлардың соқтығысуынан екі адам жарақат алды.


Соңғы жаңалықтар