СҚО-да бір түнде көшеде қаңғырып жүрген 26 жасөспірім анықталды
2022 жылғы 30 маусым 00:21

СҚО-да бір түнде көшеде қаңғырып жүрген 26 жасөспірім анықталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары түнгі уақытта көшеде жүрген жасөспірімдерді анықтау үшін рейдке шықты. Тек бір түнде ересектерсіз көшеде қаңғырған 26 жасөспірім анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары түнгі көшелерде және көңіл көтеру орындарына рейдтер жүргізіп жатыр. Сағат 22.00-ден кейін кәмелет жасына толмағандар заңды өкілдерінсіз үйден тыс жүруіне тыйым салынған.

Петропавлдағы дәмханалардың біріне 17 жасар қыз таныстарымен қыдырып келген. Жасөспірімнің анасы да, дәмхананың иесі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, полицейлер тұрмысы қолайсыз отбасыларды да назарға алған. Петропавлда осындай бір отбасын тексеру кезінде кәмелетке толмаған қызының түнде үйінде болмағаны белгілі болды. Есепте тұрған бұл отбасында қыз бала оқуына немқұрайлы қарайды, анасы спирттік ішімдікке тәуелді. Қазіргі уақытта бұл мәселе кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия қарауына шығарылмақ.

«Бұл жұмыс маусымның 27-29-ы аралығында өткен «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілді. Іс-шараның мақсаты – кәмелет жасына толмағандардың ересектердің қарауынсыз жүруіне жол бермеу, жасөспірімдердің және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу. Рейдтер прокуратура, денсаулық сақтау, білім басқармаларының өкілдері, сондай-ақ ата-аналармен бірлесе жүргізіліп жатыр», - дейді СҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.

Полицейлер жасөспірімдер жүруі мүмкін орындарды, оның ішінде саябақтар, қараусыз қалған үйлерді тексеріп жатыр. Тек бір түннің ішінде көше кезген 26 жасөспірім анықталды. Жалпы облыс бойынша 38 түрлі құқықбұзушылық белгілі болды. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу бойынша міндеттерін атқармағаны үшін 8 ата-ана жауапқа тартылды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT